Ақпан айының соңына дейін Қазақстан бойынша тағы төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізілмек. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.Электронды кезек жүйесін «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисін «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ мамандары жасап шығарған. Төрт өткізу бекетінің екеуі Қытаймен шекаралас Абай облысының «Бақты» және Шығыс Қазақстанның «Майқапшағай» кеден бекетінде орналасқан. «Бақты» бекетіндегі «CarGoRuqsat» сервисі 15 ақпаннан , ал «Майқапшағай» бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылады. Бұған дейін Қазақстан — Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде электронды бекет енгізілген.