Қырғызстан депутаты Марлен Маматалиев: «ГЭС салу үшін Қазақстанға ұсыныс жасамақпыз»

39

Алқалы жиында Мәулен Әшімбаев ҚР Президентінің құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысының хатында: «Бүгінгі таңда біздің елдеріміз үшін экономикалық кооперацияны дәйекті тереңдету үлкен маңызға ие. Өңірлік және шекара маңындағы сауданы ұлғайту, транзиттік-көлік саласындағы әріптестікті дамыту, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу міндеттері баса назар аударуды талап етеді. Ортақ рухани мұраны сақтау және Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыру маңызды. Тығыз әрі нәтижелі парламентаралық өзара іс-қимыл аталған барлық міндеттерді шешуге елеулі үлес қосатынына, бауырлас халықтардың одан әрі жақындасуына ықпал ететініне сенімдімін» делінген.

Форумда депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылауда. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Жиынға өзбек, қырғыз, түркімен және тәжік елдерінің делегациялары қатысуда. Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенеші «Ынтымақ» депутаттық фракциясының жетекшісі Марлен Маматалиев бүгінгі форумда қырғыз делегациясы тарапынан екі ел арасындағы шекарада болатын мәселелерді шешу туралы туралы сөз қозғап, құрылыс саласына қатысты ұсыныстар көтерілетінін атап өтті.

«Біз құрылыс саласындағы қарым-қатынасымызға қатысты мәселені көтеріп отырмыз. Орталық Азия елдерін бірлескен жобаларға қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар, бүгін ГЭС салу үшін Қазақстанға ұсыныс жасамақпыз. Себебі, біздің ойымызша, әлем барлық бағыттың даму негізі электр энергиясы болатын ағымға келе жатыр.  Сондай-ақ, Қазақстанмен  Алматы-Шолпан Ата жолының құрылысына қатысты мәселені қарастырамыз. Бұл — мәдениет саласында да мүмкіндік беретін тікелей жол. Және  біз Қазақстаннан қазір шекарада бар проблемаларды шешу жолдарын сұрамақпыз. Себебі, екі ел арасында ешқандай кедергі болмауы керек.» — деді Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенеші «Ынтымақ» депутаттық фракциясының жетекшісі Марлен Маматалиев.