Шекарадан 32 келіге жуық есірткі алып өтпек болған Тәжікстан азаматы сотталды. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы айыпталушыға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алғашында есірткі өзіне тиесілі емес екенін айтқан азамат, сараптамадан кейін кінәсін ішінара мойындап жеңіл жаза беруді сұраған.
Бұл видео өткен жылдың шілде айында түсірілген. Тәжікістан азаматы шекарадан 63 дана түссіз политэлен пакетіне оралған 32 келіге жуық есірткі алып өтпек болған. Алайда бұл ойы Қазақстан шекарасына келгенде жүзеге аспай қалған.
Дәурен Мадалиев,Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Есірткіні автокөлік жанармай багына жасырып Өзбекстан шекарасынан өткен. Оны тінту барысында қызметтік ит байқап, белгі берген».
Аталған азамат сот шешімімен ҚР ҚК 297 бабы 3 бөлігі 3 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, есірткімен қолға түскен сәтінде сотталушы өз кінәсін мойындамаған көрінеді. Судьяның айтуынша, ол айғақты зат өзіне тиісілі емес екенін алға тартқан. Бірақ, сарапатамадан кейін қылмысы толық дәлелденген.
Дәурен Мадалиев, Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Сот-сараптамадан кейін есірткі сол азаматқа тиесілі екені белгілі болды. Қылмысы толық дәлелденді деп айтады».
Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу бекітілген. Алайда үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Яғни, айыпталушы апелициялық шағым түсіруіне болады.