Шымкентте «Gelendvagen» автокөлігінің жүргізушісінен аса ірі мөлшерде есірткі мен қару тәркіленді

12

Ағымдағы жылдың 18-ақпанында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді.

Нәтижесінде, түнгі сағат 1:00 шамасында «Зообақ» маңында күдік тудырған шетелдік мемлекеттік тіркеу нөміріндегі «Mersedes Bens Gelendvagen» маркалы автокөлігін басқарған 34 жастағы жүргізушіні тоқтатты.
Тексеру барысында автокөліктің жүргізуші орындығының астында жасырылған жапсырма қағазға оралған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сондай-ақ, қосымша қарау кезінде автокөліктің қобдишасынан «Stalker S84» маркалы пневматикалық тапанша мен 8 дана оқ-дәрілер алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің «мефедрон» синтетикалық түріне жататыны расталып, жалпы салмағы 495 грамды құрады. Ол аса ірі мөлшердегі есірткі заты болып табылады.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарымен байланысты кез-келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.