Шымкентте қарулы қақтығыс орын алды. Оқиға 20 ақпан күні сағат 14:40 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, Қ. Рысқұлбеков көшесіндегі аңшылық дүкеннің жанында ер адам оқ жаудырып, кейін дүкенге кіріп оқ атқан.
Тұран АПБ-ның кезекші бөліміне аталған мекен-жайда дүкенге белгісіз тұлға қарулы шабуыл жасағаны туралы хабарлама түскен. Әзірге белгілі болғаны, оқиға салдарынан бір азамат жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді.
Бұл қарулы қақтығыс бүгін күндізгі сағат 14:30 шамасында Шымкентте орын алды. Қ. Рысқұлбеков көшесі бойында орналасқан аңшылық дүкеніне шабуыл жасаған азамат, сатушыға «Обрез» қаруын тақап «Сайга» маркалы қаруды алған. Ары қарай далаға шығып, «КГБ» жедел күзет қызметкерлеріне қарай оқ атқан. Осылайша,күзетшілер мен қарулы адам арасында атыс орын алды.
Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында қолға түсірді. Видеодан қару ұстаған күдіктінің өзі тәртіп сақшыларының қызметтік көлігіне отырғанын байқауға болады. Осы сәтті пайдаланған полицейлер оны тұтқындап, қаруын тәркілеген. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан жарақат алған күзетші номері бірінші қалалық клиникалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлерлер 1971 жылғы науқасты шұғыл түрде ота залына кіргізіп, операция жасады.
Оқиға орны бірден қоршауға алынды. Шабуылдаушы 1973 жылы туған Өзбекстан азаматы болып шықты.
«Қарулы адамды патрульдік полицейлер мен Тұран АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілдері ұстады. Белгілі болғандай, ер адам, Өзбекстан азаматы, Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады. Одан шолақ мылтық және ұрланған Сайга карабині тәркіленді»,- делінген ҚР Ішкі Істер Министрлігі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда оқиға орын алған жерге қарап-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жедел тергеу тобы барлық мән-жайды анықтауда.