Созақта көкпар тартатын шабандоз әйел тұрады

288

Созақ ауданында көкпар тартып, бәйгеге қатысатын шабандоз әйел тұрады. 6 баланың анасы жастайынан атқа мініп, өнерімен өңірге аты танымал болған. Келіншек аудандағы мықты көкпаршылардың қатарында. 

Адолат Алтешова ат баптап, көкпар тартып, бәйгеге қатысады. Жастайынан ат жарыстарынан қалмайтын тәжірибелі атбегі әйел талай тартысты додада жүлде де алған. Ағылшындық жылқы баптайтын келіншек -бүгінде 6 баланың анасы. Талай көкпардан тақымы майланып қайтқан келіншек тек кейінгі кездері жүйріктер сынына қатысуға рұқсат берілмей жүргенін айтады.

Адолат Алтешова, Созақ ауданының тұрғыны: «Мен шешемнің ішінде жатып атқа мінгем десем де болады. Туылғанымнан кейін әкем алдына мінгізіп, атқа үйретті 4 жасыма дейін. Содан 5 жасымнан бастап, өзім міндім. Ені осы күнге дейін жылқымен айналысамыз. Шешеміз өле-өлгенше атқа мініп кетті. Әкеміз шабандоз болған, көкпаршы болған. Шешеміз де ат мініп жүретін».

Ал келіншектің анасы Адолат құрсақта жатқанда қайныларымен бірге көкпар тартқан екен. 4 жасынан бастап ат құлағында ойнайтын келіншек ұлттық ойын түрлерін жақсы игерген, ал тұлпар мен пырақ болар атты құлын күнінен таниды. Ол 13 жасында алғаш рет аудан бойынша өткен бәйгеде бірінші орын алған екен. Әрине, оның қоржынындағы жеңістер мен жетістіктер тізімі мұнымен шектелмейді.

Адолат Алтешова, Созақ ауданының тұрғыны: «Баяғыдан бері ешкім бетімді қайтарған емес. Осы жақында күздің күні бір көкпар болды өзімізде. Сол кезде мені «әйел адам болмайды араласуға» деп шығарып тастаған жері бар. Өзім бір атты мініп жүрем, бір атты балаларға мінгіземін, сөйтіп жүрем ғой. Қарап жүрем. Сол кезде шығарып тастаған кезі болды. Әкем өзі көкпарға тәрбиелеген мені кішкентайымнан, ұлдай көріп, ұлдай өсірген».

Адолат Алтешованың жан-жары отанасының көкпар тартып, жарыстарға қатысқанына еш қарсы емес. Ол тіпті қазіргі таңда Созақ ауылы маңынан жылқы фермасын ашып, көкпар аттарын баптаумен айналысады.

Халық Абишев, Созақ ауданының тұрғыны: «Барлық жағынан ұнаттым ғой, жасыратыны жоқ. Алланың қалауымен отбасын құрдық. Күйеуіне деген сый құрметі бар, әйелге лайықты. Барлығы Алланың қалауы ғой, құмарлық қой атқа, жылқыға. Мен өзім де құмармын. Бала шағамыз да қызығады. Мен үшін қуаныш бұл!»

Бүгінде көпбалалы отбасы ат баптап, үлгілі тіршілік кешуде. Сонымен қатар Абишевтер әулеті — ауыл балалары арасында көкпар тартып, бәйге шабатын шабандоздар саны көбейсе деген тілегі барын жасырмайды.