Таба наннан бес телефон табылды

37

Алматы қаласындағы Тергеу изоляторында жатқан танысына сәлем-сауқат әкелген әйел таба нанның арасына бес телефон жасырып әкелген.

№72 мекеменің күдіктілер мен сотталғандарға әкелген сәлемдемелерді қабылдау орнында бақылаушылар әр затты мұқият тексереді және сәлемдеме әкелушілер үшін арнайы тақта орнатылып, онда бас бостандығынан айыру орындарына тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті үшін қолданылатын жаза айқын жазылған.

Соған қарамастан бақылау пунктінде сәлемдемелердің ішінен тыйым салынған заттарды анықтау фактісі күн сайын тіркеледі. Ал бес бірдей телефонды өткізбекші болған 1988 жылы туған әйел Алматы қаласының тұрғыны. Оның танысы Ж. деген азамат ҚР Қылмыстық кодексі 190 бабының 3 бөлігімен, яғни ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айыпталып, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының үкімімен 2023 жылдың қаңтар айында 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Аталған факті бойынша Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасы алдын ала тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде.