Тұран ауданында көші-қон заңнамасын бұзған 117 адам жауапқа тартылды

22

Заңсыз көші-қон фактілерінің жолын кесу мақсатында 20-28 ақпан аралығында Шымкент қаласында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Шара барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтары көп шоғырланған жерлерге тексеру жүргізуде. Яғни тұрғын үй секторы, құрылыс нысандары, базарлар тексеріліп, шетелдіктердің жалдамалы еңбегін заңсыз пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілер пысықталды.

Атап өтсек, іс-шараның осы күнге дейінгі нәтижесімен қаламыздың Тұран ауданында ғана Қазақстан Республикасына келу, болу және ҚР-нан кету ережелерін бұзған 117 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылдау-тарату мекемесіне жеке бастарын анықтайтын құжаттары жоқ 48 адам орналастырылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабында көзделген “шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы” бойынша 70 тұлғаға қатысты хаттама толтырылса, 518-баптың 1-бөлігімен “қабылдаушы тұлғаның шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың ҚР болуы құқығына құжаттарды ресімдеу не болудың белгілі бір мерзiмi өткеннен кейін олардың ҚР-нан кетуі жөнінде шаралар қабылдамауы не өздерінде көшіп келушілердің болуы туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабардар етпеуі” — 40, 519-баптың 1-бөлігімен “жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз тартуы” — 7 азамат жауапқа тартылды.