Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін түскі асының қаржысына азық-түлік сатып алған шымкенттік оқушыға ҚР Премьер-министрі алғыс білдірді.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов 13 жасар Павел Падровпен және оның анасымен кездесіп, Әлихан Смайыловтың алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ 5 сынып оқушысына планшет сыйға тартылды.
Еске салайық, Павел Падров күнделікті мектепте түскі асқа жұмсайтын ақшасына азық-түлік алып, Түркияға гуманитарлық көмек жиналатын қоймаға өзі әкеліп тапсырған еді.
Премьер-министр хатында: «Түркиядағы жер сілкінісінің қайғылы салдары бірде-бір қазақстандықты бейжай қалдырмады. Осындай қиын сәтте қазақстандықтар түрік халқына шын жүректен көмек көрсетті. Сіздің ұлыңыздың бұл әрекеті шынында үлгі тұтарлық игі іс. Павел осы жас шағынан бастап жанашырлық пен қолдаудың не екенін біліп өсуде. Ұлыңыздың бойына мейірімділік, жауапкершілік, парызды сезіне білу сияқты құнды қасиеттерді сіңіргеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сіз Павелді Қазақстан Республикасының нағыз патриоты ретінде тәрбиелеп отырсыз» — делінген.