Түркістан облысында 460 мың тонна ерте көктемгі өнім жинау жоспарланып отыр

26

Түркістан облысында жалпы егіс алаңы артып, 860 мың гектарға жетті. Ал егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың га артты.

Сондай-ақ көкөніс, картоп, мал азықтық және бақша дақылдары да көбейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық кеңесте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы баяндалды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы м.а Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, биыл облыста 460 мың тонна ерте көктемгі өнім жинау жоспарланып отыр. Ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48,2 мың тн. арзан бағамен жанармай бөлінген.

Нұржігіт Мырзахметов,  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы м.а: “Мұнай өңдеу зауыттарынан ақпан айына бөлінген жанар-жағармайды операторлар тарапынан сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Агроқұрылымдарға литрі 200 — 202 теңгеден босатылатын болады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. Несие серіктестіктері арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,55 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері несиелендірілді. Қосымша 4 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР АШМ-не ұсыныс енгізілді”.

Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті масақты дақыл, мақсары, мақта, жоңышқа және жүгері тұқымдары бар. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, мақта егу науқанын тиімді жүргізу мақсатында жыл басында Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы арнайы Меморандумға қол қойылды. Қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы аурулар мен зиянкестерге төзімді 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын қол жеткізді. Нәтижесінде 40 мың гектар мақта алқабы элиталық тұқыммен қамтамасыз етіледі.