Түркістан облысында өсірілген қызғалдақтарға сұраныс көп

30

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жылыжайда өнім өндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Төрт мезгіл бойы өнімдерді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізумен айналысатындықтан ауданды «жылыжайлар мекені» деп те атап кеткен. Жері құнарлы, климаты қолайлы ауданның еңбекқор шаруалары жыл он екі ай өнім алу үшін жылыжай кәсібін дамытып келеді.

Бүгінде гүл шаруашылығымен айналысатын шаруалар қызғалдақ, раушан, лалагүлдерін арнайы наурыз мерекесі қарсаңында баптап, саудаға шығаруда. Тек Шымкент қаласынан ғана емес Алматы, Астана сынды ірі қалалардан сатып алушылар қарасы қалың, яғни сұраныс күн санап артуда.
Мәселен, Дербісек ауылдық округі аумағында орналасқан «Көктем» шаруақожалығы 8 жылдан бері қызғалдақ гүлін өсірумен айналысады. Жылыжай көлемі 1,30 гектар аумақты алып жатыр. Аталған шаруақожалықта қызғалдақ гүлдерінің голландиялық 10-нан астам түрі өсіріледі. Қазіргі таңда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәжірибелі кәсіпкер жылына 120 000 — 130 000 түп қызғалдақ гүлін өсіретінін айтуда.
Сонымен қатар Дербісек ауылдық округіндегі «Алия»шаруақожалығы раушан, қара сиқыр және голландиялық фридум түрлерін өсіреді. Жылыжайдың көлемі 4 гектар шаршы метр аумақта орналасқан. Бұл кәсіпті 15 жылдан бері жүргізіп келе жатқан шаруақожалықтың иесі кәсібін дөңгелетіп, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жылына 20 000 — 40 000 түп раушан гүлі егіліп, айналымға шығады.