Түркістан облысында барлық су нысандарында тәулік бойы кезекшілік орнатылған. Барлық құзырлы орган күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауға алынған. Апаттық жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайға қарсы дайындық жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде су арналары тазартылып, таулы аймақтарда апаттың алдын алу жұмысы күшейтілді. Мәселен, Отырар ауданы аумағындағы Сырдария өзені бойында қорғаныс дамбалары 10 жерінен нығайтылып, дайындалған қаптың саны 48 мыңға жеткізілді.
Сондай-ақ, инертті материалдардың қоры артты. Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті тарапынан жалпы 2 мыңнан астам жеке құрам, 424 бірлік техника және 5 қайық қауіпті кезеңге дайын.
Нұрғали Жүнісов, ТО ТЖД бастығы: «Бүгінге Шардара су қоймасына судың келуі секундына 1531 текше келіп, қоймадан жалпы 1111 текше метр шығарылуда (Сырдария 800, Қызылқұм-11, Арнасай-300) нақты көлемі 84 пайызға яғни, 4 млрд. 373 млн.ға жетті. Бос қор 16 пайыз. Көксарай су реттегішінің бас тоспасына секундына 800 текше метр келіп, оның 200 текше метрі Көксарайға қабылданып, Қызылорда облысына 600 текше метр жіберілуде. Нақты көлемі 40 пайыз, 1 млрд 198 млн текше метр. Бос қора 60 пайыз».
Ал «Бөген», «Қосқорған», «Ырмақ-Өзен», «Майдантал» су қоймалары, Арыс, Түркістан, Қараспан магистралды каналдары мен Қараспан, Орта Ақсу, Жоғарғы Ақсу су тораптары механикалық тазалаудан өтті. Барлық аймаққа күнделікті мониторинг жүргізіледі.
«Қосқорған» су қоймасынан су тасталынатын Қарашық қашыртқысының «Құсшы Ата» елді мекені бөлігіндегі қолданыстағы көпірдің су өткізу қабілеті 10,0 м3/сек. Көктемгі тасқын су кезеңдерін апатсыз өткізу мақсатында қашыртқыларда меншік иелері тарапынан тазалау жұмыстарын жүргізу үшін, іс шаралар жоспары әзірленіп, жұмыстары жүргізілуде», — дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Нұржігіт Мырзахметов.
Таулы аймақтағы Кентау, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандары арқылы өтетін өзендер бойында жалпы 100-ден астам су тасқыны және сел қаупі бар учаскелер есепке алынған. Бұл аумақтарда 3 мыңнан астам тұрғыны бар 46 елді мекен орналасқан.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біз су тасқынына 100 пайыз дайын болуымыз керек. Облыс әкімдігінің құзырындағы барлық су нысандары талапқа сай, алдын алу шаралары бойынша жұмыстарға күш салу қажет. Сырдарияны реттеу бойынша республикалық меншіктегі «Шардара», «Көксарай» су айдындары бойынша біздің тараптан берілетін ұсыныстар уақытында жеткізілді. Шешім күтеміз».
Бүгінде облыс аумағында жалпы 51 шақырым канал, 31 шақырым арық-атыз механикалық тазартудан өткізілді. Бөген өзенінде 4,2 шақырым жаға бекіту, нығайту жұмысы жүргізілді, Сондай-ақ, 14 шақырым қашыртқы арналардың түбі тереңдетіліп, кеңейтілген.