Түркістан облысының әкімі жетісайлықтардың проблемасын тыңдады

26

«Ауданды дамыту тікелей әкімдердің іскерлігіне байланысты». Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Ол Жетісай аудан тұрғындарымен кездесуде аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, кездесуде халық мектеп, университет ашу және инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Әрі шарулар темір жол қажет екенін айтты.

Жетісай ауданына темір жол қажет. Аудан тұрғындары облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуде осы мәселені көтерді. Сөздерінше, егіншілікпен айналысатын шаруалар өнімін экспорттау үшін ауданнан темір жол өтуі керек. Сонымен қатар, Жетісайға қала статусын беру мәселесі де жиында сөз болды.

Марат Ділдәбеков, Жетісай ауданының тұрғыны: «Бізге темір жол керек. Шаруалар қауын-қарбыз өндіреді. Бірақ оны алып кететін ешкім жоқ. Өйткені жол жаман. Босқа шығынға ұшырайды. Экспорттай алмай жатыр. Сондықтан осы мәселені көтердім».

Өңір басшысы әр тұрғынның көтерген мәселесі назарда болатынын айтты. Мәселен, өткен жылғы кездесуде айтылған 10 проблема бүгінде толыққанды шешімін тапқан. Жетісайды дамыту жалғасады деген Дархан Сатыбалды шаруалардың да тілегі ескерілетін жеткізді. Яғни, алдағы уақтта ауданға теміржол тартылатын болды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жетісай шалғайда қараусыз қалып қойған аудан емес. Керісінше, даму үшін өте қолайлы аймақта орналасқан. Суармалы жері мол, кәсіпкерлікті дамытуға әлеуеті зор. Көрші елдің шекарасына жақын орналасқан. Бұл аймақ бойынша біздің жоспарларымыз бар. Шекара маңында өндірісті, сауданы дамытуға күш саламыз. Аймаққа теміржол тартылады. Жетісайды дамыту жұмысы жалғасады»

Айта кетейік, ауданда былтыр өнеркәсіп өнім көлемі 18 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 млрд. теңгеге артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15 млрд. теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 106 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.