Түркістанда балық шаруашылығы дамып келеді

31

Түркістан облысында балық шаруашылығы өнеркәсіптік ауқымда дамып келеді. Биыл жеті мың тоннаға жуық өнім өндіру жоспарлануда. Аймақтағы ауыл тұрғындарының басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады. Мәселен, Келес ауданында кәсіпкер жасанды бассейнде бір миллион шабақ өсіреді.

Райс Тастанов балық шаруашылығы туралы осыдан алты жыл бұрын ойлаған. Кейін бірден шабақ сатып алыпты. Ақ қазір балық шаруашылығы жайлы барлық мәліметті біледі. Қазір қолында 17 жасанды су қоймасы бар.

Райс Тастанов, кәсіпкер: «Бес жарым гектар суармалы жеріміз бар. Өткен жылы ол жерге жүгері егілді. Сосын одан балық тағамын жасады. Ал қазір азық-түлік субсидиясын ала алмай отырмыз. Өйткені ережеде бұл қарастырылмаған. Сатып алу керек. Келісім-шарт пен азық-түліктің шот-фактурасын сұрайды».

Мемлекет балық азығы құнының 30 пайызын, шабақ өсірілетін болса 50 пайызын субсидиялайды. Бірақ фермердің айтуынша, бұл жағдай оларға тиімсіз. Өткен жылы Раис Тастанов балық өңдейтін шағын цех ашқан. Онда күніне 1 тонна балық өңдеуге болады. Қазір дайын өнім ішкі нарықта сатылып жатыр.

Өмірсерік Алтынбаев, Келес аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлім басшысының м.а: «Биыл «Ауыл – ел аманаты» жобасы жүзеге асырылмақ. Онда өңірлердегі балық өсірумен айналысатындарға жылдық 2,5 пайызбен несие бөлу қарастырылған. Адамдар бұл жобаға қызығушылық танытуда».

Қазіргі таңда Келес ауданында тоғыз шаруа қожалығы балық аулаумен айналысады. Олар жылына 2 мың тонна өнім шығарады. Сондай-ақ облыста балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітілді. Жоба бойынша балық өндірісі артады деп жоспарланып отыр. Алдағы он жылда бұл көрсеткіш жылына 20 мың тонна болуы керек.