Түркістанда Орталық Азия елдерінің алғашқы парламентаралық форумы өтіп жатыр

59

Түркістан қаласында Орталық Азия елдерінің алғашқы парламентаралық форумы өтіп жатыр. Бірінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға бірнеше елдің Парламент Палаталарының делегациялары қатысуда. Ауқымды форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылауда.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Алдағы кезеңде парламентаралық ынтымақтастықтың бірнеше нақты бағытын талқылауға ұсынамыз.  Бірінші — Парламентшілерге Орталық Азияны дамытудың негізгі бағыттары мен осы үдерістегі парламенттердің рөлін талқылау және кездесулер өткізу үшін өзінің тұрақты көпжақты алаңы қажет екеніне сенімдімін. Екінші — Форум форматы елдер арасындағы ынтымақтастықты құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға және келісуге жақсы мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыру, тауарларды жеткізудің баламалы бағыттарын құру түйінді мәнге ие болып отыр. Сонымен қатар, елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты — шекара маңындағы аудандарда сауда-экономикалық және логистикалық хабтар желісін дамыту. Бұл — сауданы дамытудың және Орталық Азиядағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың тірек нүктелеріне айналуы мүмкін».

Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Орталық Азия елдері арасында өзекті мәселелер бар. Бірінші кезекте Қазақстан тарапын толғандыратын үлкен мәселе – су мәселесі. Біздің Қазақстан трансшекаралық өзендердің барлығының бастауын осы өзге мемлекеттерден алады. Сондықтан да су мәселесі, сонымен қатар, Арал апатты аймағы және содан шығатын денсаулыққа қатысты үлкен мәселелер де қарастырылып, болашақта өтетін жиындарда бір арналы бағытқа түсуі – осы бүгінгі форум соның бастамасы болып отыр».

Гүлдана Дәурен