Түркістандағы балабақша қызметкерлері меңгерушінің жұмыстан кетуін сұрайды

162

Түркістан қаласындағы «Бөбек» балабақшасының қызметкерлері, меңгерушіміз заңсыз ақша жинап, қызметке қатысы жоқ жұмыстарға жегеді деп шағымданады. Айтуларынша ол тіпті балабақша тиесілі азық-түлікті үйіне тасытып, қызметкерлерді лауазымды тұлғалардың үйін жинауға мәжбүрлейтін көрінеді. Бұған дейін 2 рет қызметінен босаған меңгеруші сот шешімімен қайта өз орнына жайғасқан екен. 

Түркістан қаласындағы «Бөбек» балабақшасының қызметкерлері меңгерушінің жөнсіз әрекеттерінен шаршағанын айтып, шағымданды. Сөздерінше, мекемедегі безендіру құралдарын өз қаржыларына сатып алады, жалақыдан рұқсатсыз тіпті ескертусіз ақша ұстайды. Тіпті, мемлекеттік балабақшаға тиесілі еттің біраз бөлігін үйіне жөнелтетін көрінеді. Нәтижесінде, балаларға берілетін азық көлемі азаяды.

Ләззат Ералиева, Түркістан қаласы «Бөбек» балабақшасының әдіскері: «100 мың-80 мың теңгеден мына безендірудің барлығын айлығымыздан өзіміз осы жерге шығардық. Төменде баспалдақтан шығып келе жатқан кезде паноларды көрдіңіз ғой, солардың барлығын Қызылордадан алдырдық біз 180 мың теңгеге. 10 қаңтар күні былтыр 2022 жылы 9 қызметкерге 150 мың теңгеден ақша түсіреді бұл кісі. Сыйақа ма? Аванс деп жаздырып алады. Қожабаева Сәуле, сол кездегі есепшіміз арқылы барлық 9 қызметкерден түгелдей ақшаның бәрін жинап алады».

Ардақ Жұмашева, Түркістан қаласы «Бөбек» балабақшасының дәмбикесі:
«Мен бұл жерге келгелі байқағаным, мысалы кешегі келген ет, 116 келі ет келетін болса, оның 3 келі еті меңгерушінің үйіне жеткізілді. Оны мен алып барып берген жоқпын, жеткізіп берушінің өзі алып барып тастады. Норматив бойынша бізде әр балаға 100 г еттен беру қажет. Ал бізде мен 30 кг қысқарту керекпін ғой, сол үшін мен кейді 13-12 кг етке беремін. Балаларға 100 граммнан тимейді, 60-50 граммнан келеді».

Ол аздай бақша меңгерушісі қызметкерлерді лауазымды тұлғалардың үйін жинауға жіберетін көрінеді. Жұмыстан айырылып қалмас үшін, істеуге мәжбүрміз деген қызметкерлер тіпті ол үйлердің әжетханкасын да жуатынын айтады. Ал тазалау жұмыстарына қажетті заттарды өздері сатып алады екен.

Асылзат Таңатарова, Түркістан қаласы «Бөбек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі: «Бұл жерде мен ғана барған жоқпын бастықтардың үйін жинауға, біраз қызметкер барған. Үйін жинадық рас, бастық қалай тапсырма береді, солай жинадық. Қандай бастықтар? Салықтың бастығы, одан кейін еңбек инспекциясының бастығы. Үйіне кіреміз, бастық тапсырма береді, кірін жу дейді, әжетханасын жу дейді, ас үйін сүртіңдер дейді. Менің өзіме видеозвонокпен хабарласып, не істеп жатыр қыздар, көрсет деп, бәрін көрсетеміз міне деп. Тазалайтын заттардың бәрін өзіміз аламыз».

Мұндай жағдайлар 2021 жылдың желтоқсанында басталып, 2022 жылдың қаңтарына дейін созылған. Ал қызметкерлер қаңтар айынды бірінші рет ұжымдық арыз жазған. Алайда, бәрі нәтижесіз дейді олар. Бұған дейін 2 рет қызметінен босаған меңгеруші сот шешімімен өз қызметіне оралған ол, бұрыңғы әуеніне қайта басыпты. Қызметкерлер меңгерушінің үсітнен тек қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, еңбек инспекциясына, тіпті прокуратураға бірнеше рет арыз жазыпты.

Гүлбану Ұзақ, Түркістан қаласы «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі: «Ондай ешнәрсе болмаған, оның бәрі тексерілген. Ішкі аудит тексерген, бүкіл жер тексерген, бірақ ешқандай ондай ақша салу-ақша беру деген нәрсе жоқ. Оның барлығы жала! Маған нахақтан-нахақ жала жауып отыр. Мүмкін жоғары жақтан бұл кісілерге беріліп жатқан тапсырма шығар. Кімнің тарапынан? Білім бөлімі тарапынан. Білім басқармасы тарапынан ба? Білім бөлімі тарапынан. Қалалық? Иә».

Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары бұл оқиғаға қатысты зерделеу жұмысының жүргізілгенін айтады. Ал қызметкерлерді меңгерушіге қарсы қою — қисынға келмейді дейді олар.

Гүлмира Құлбайымбетова, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы: «Қаңтар айынан бастап арыздар келіп түскен былтырғы 2022 жылдан бастап. Бұл бойынша бөлім тарапынан зерделеу жұмысы жүргізілген. Ол кісінің жұмысқа келмеген күндеріне байланысты акт жасалынған, жұмыстан босатылған. Бірақ еңбек инспекциясының келіп тексеруі барысында, соның қорытындысына сәйкес Гүлбану Ұзақ қайта орнына келген. Қасқана ұйымдастыру деген ешқандай қисынға келмейді. Өйткені адами әлеуетті дамыту бөлімінің өзінің жұмысына егер арыз келген жағдайда біз қарауымыз керек. Сол бойынша жұмыс жасауымыз керек. Бұл біздің міндетіміз, жұмысымыз».

Басшының қылығынан шаршаған бөбекжай қызметкерлері меңгерушінің қызметтен кетуін талап етіп отыр. Дегенмен қызметкерлердің уәжіне құлақ асып, бірнеше жылға созылған дауды кімнің, қалай шешетіні әзірге белгісіз…