ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркістан облысына барып, су тасқыны салдарын жою жұмыстарының барысымен танысты. Зардап шеккен елдімекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жалпы облыста су тасқыны аумағынан 200-ден астам адам және 800-ге жуық ірі қара мал эвакуацияланған. Ал су шайып кеткен аумақтарға инертті материалдары бар 15 мыңға жуық қап төселді.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркістан облысында жедел кеңес өткізді. Облыстағы ахуалды бақылаған министр әкімдікке келтірілген залалды бағалау бойынша комиссиялық аралау ұйымдастыруды тапсырды. Әрі жағдайдың күрделенуіне жол бермеу және оның салдарымен күресу қажет екенін айтты. Соңғы дерекке сүйенсек, облыста 200 ден астам адам мен 800-ге жуық ірі қара мал эвакуацияланған. Жағдай төтеншеліктердің жіті бақылауында.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Түркістан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы ұйымдастырылды. 300-ден астам адам, 50-ге тарта техника, 25 мотопомпа суды сорып шығаруға және ағызуға жұмылдырылған. Су тасқыны таулы жерлерде жауын-шашынның көп түсуінен және қардың еруінен болып отыр».
Министр Сауран ауданының төрт елді мекенін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Юрий Ильиннің айтуынша, облыстағы қазіргі жағдай тұрақты. Барлық су шайған елдімекендерде салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қажет аумақтарға инертті материалдары бар 15 мыңға жуық қап төселді. Жалпы 200-ге жуық аула судан тазартылған. Ал 85 аула аумағынан 197 текше метр су сорып шығарылды.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Қазір әкімдіктің бағалау комиссиясы өз жұмысын бастады. Яғни, олар су тасқынан келтірілген залалды саралап, шешім қабылдайды. Зардап шеккен ешбір тұрғын ескерусіз қалмайды деп ойлаймын. Біз су шайған үйлерді аралап, көріп жатырмыз. Алдағы уақытта дәл осы үйлері су басқан елдімекендерде төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Өйткені, жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, үйлерді қалыпқа келтіру қажет. Ең бастысы қазір уақытша эвакуацияланған тұрғындар өз үйіне қайтып жатыр».
Алдағы күндері министр Арыс пен Кентау қалаларында және Бәйдібек пен Созақ аудандарында болады. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Арыс қаласында бір үй су астында қалған. Ал Арыс өзенінде 3 гидрологиялық бақылау бекеті қойылған.