Шымкентте үй иесінің ұлын пышақпен ұрған ер адамға қатысты үкім шықты. Оқиға түнгі уақытта орын алған. Жалға берушілермен ортақ аулада тұратын 52 жастағы азамат үй иесінің ұлынан өзін белгілі мекенжайға апаруын өтініпті.
Жолда ер азамат жүргізушінің анасы оған қарыз екенін айтып, ақшаны қайтаруды талап ете бастаған. Жігіттің қарсы жауабын естіген ол қалтасынан пышағын шығарып жәбірленушінің кеуде тұсынан ұрып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр жарақат алған жігіт ауруханаға түсті.
Жайт бойынша полицейлермен Қылмыстық кодекстің 106-бабымен «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» іс тіркелді. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні қала аумағында қолға түсірді. Іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Сот үкімімен айыпталушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.