«Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға несие беріледі»: Президент мәлімдемесі

84

Елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сессияда ел Президенті сөз сөйлеп, бірнеше маңызды мәлімдеме жасады. Сондай-ақ халықтың қазіргі әл-ауқаты мәз емес деген Мемлекет басшысы үкімет пен Парламентке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақы мөлшері артады. Осылай деген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді.Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет».

Бұдан бөлек, Президент Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға шағын несие берілетінін айтты. Сөзінше, енді елдімекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Яғни, ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, тұрғындарға субсидия мен шағын несие беріледі. Биылдың өзінде 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінген. Ал жобалардың ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттілігіне баса мән беріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді”

Бұдан бөлек мемлекет басшысы білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына да кеңінен тоқталып, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды.Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек.».

Сондай-ақ Президент Үкімет және Парламент алдында айрықша маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Әсіресе экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдерді ретке келтіруіміз қажет деді.

Өйткені, «Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедей арасы алшақтай түсті». Сондықтан Президент, Үкімет пен Парламент мүшелері алдағы 5 жылда созбалаңға салмай, тез әрі нәтижелі жұмыс атқаруы қажет екенін алға тартты.