Биыл 255 елдімекенде су басу қаупі төніп тұр

32

Төтенше жағдайлар министрі елде 255 елдімекенді су басу қаупі бар екенін хабарлады. Үкімет отырысында су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы баяндаған Юрий Ильин қазіргі бар күшті дайындыққа жұмсау қажет екенін айтты. Әсіресе, оңтүстік өңірінде. Себебі бұл аймақта қардың еруіне санаулы күндер қалды. Тасқынның алдын алу бойынша төтеншеліктер не істеп жатыр?

Биыл ауқымды су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы үкімет отырында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Министр оңтүстік аймақтарда белсенді қар еру мерзімінің басталуына санаулы күн қалғанын да тілге тиек етті. Сондықтан қазір барлық күш-жігер алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Биыл су тасқыны қардың көп болуына және топырақты қабатының қатты тоңазуына байланысты ауқымды болатын түрі бар. Өңірлерде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссиялардың 114, оның ішінде 31 жоспардан тыс отырысы өткізілді».

Осы мақсатта халықпен 2 мыңнан астам жиын өткізіліп, 55 мыңнан астам ұсыным таратылған. Сонымен қатар 5 мың км-ға жуық каналдар мен арықтар, автомобильдер және темір жолдар астында 8,5 мыңнан астам су өткізу құрылыстары тазартылды

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат. Осы жылы екі айда 15,1 км уақытша бөген салынды, 24 км-ға жуығы жөнделді, 16 км-ден астам уақытша бөген, сондай-ақ елді мекендердің айналасында 41 км білік тұрғызылды»

Одан бөлек министрлік полиция бөлімшелерімен бірлесіп, елдімекен аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу фактісін анықтау бойынша рейдтік шараларды бастады. Бұл дренаждық және арық жүйелерін ұстау, қар шығару бойынша ереже бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.