Бүгінде Түркістан облысында халықтың 93 пайызы интернет желісімен қамтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағындағы 831 ауылды елдімекеннің 654 елдімекені 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93%-ға жетіп отыр.
«Интернетпен қамтылмаған 177 ауылдық елдімекенде небәрі 145 968 тұрғын тұрады. Ол елдімекендердің 115-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 елдімекенде байланыс мүлде жоқ. Аталған 62 елдімекеннің 43-і министрлікпен айқындалған талаптарға сәйкес келмеуіне, халық санының аздығына байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартып отыр. Қалған 19 елдімекенді алдағы жылдары ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 елдімекен бар.
Қазіргі уақытта осы елдімекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023-2027 жылдар арасында облыста сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді деп жоспарлап отырмыз. Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолданатын 437 елдімекеннің базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарланған. Тұрғындарды қосымша интернетпен қамтамсыз ету бойынша тиісті мекемелермен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде», — деді басқарма басшысы.
Бүгінде облыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 1067 жалпы бейнебақылау камералары орнатылған. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 109 нүктеде 632 дана «Сергек» камерасы іске қосылған. Биыл облыс бойынша қосымша 1700 жалпы бейнебақылау камерасымен және 117 аппараттық-бағдарламалық кешенмен қамтамасыз ету жоспарланған.
Басқарма басшысының айтуынша, 2022 жылы облыстағы 908 мемлекеттік мектептің 650-і кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 216 мектеп радио байланыс желісімен қамтылса, 42 мектепте интернет мәселесі биыл 15 наурызға дейін радиобайланыс желісімен шешілмек. Сонымен қатар, Түркістан облысы аумағында «109 бірыңғай байланыс орталығы» жобасы іске асырылған. Халыққа тиімді ету мақсатында алдағы уақытта Түркістан және Кентау қаласындағы құрылған орталықтарды облыстық «109 орталығына» біріктіріп, қоңырау қабылдауды бір нүктеден жүзеге асырмақ.
Айта кетсек, Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Цифрлық даму орталығы» КММ базасында инвестор есебінен биыл IT мамандарды даярлайтын мектеп ашылмақ. Ол жерде 20 мың жас маманның цифрлық сауаттылығын арттыру жоспарланып отыр. IT мектебінде WEB сайттарды әзірлеу, iOS және Android платформаларына қосымша әзірлеу, SGI технологиясында анимациялар жасау, REAC JS, Java платформасында ойындарды әзірлеу курстары оқытылмақ. Алдағы уақытта бұл бағыттағы мектептерді өзге де аудандарда ашу жоспарда бар.