ІІМ 30 жылдан бері іздеуде жүрген күдіктіні ұстады

38

Қазақстанда қылмыстық іс бойынша 2,5 мыңнан астам күдіктіге іздеу салынған. Оларлың 400-і алаяқтық және 250-і ұрлық үшін күдікке ілінген. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. ІІМ мәліметі бойынша, шетелге қашып кеткен 600 күдікті бар. Қазіргі таңда ТМД елдерімен бірлескен «іздестіру» операциясы жүргізіліп жатыр.

Кісі өлтіріп 30 жылдан бері іздеуде жүрген күдікті ұсталды. ІІМ ТМД елдерімен бірлескен «іздестіру» операциясы аясында ауыр қылмысқа қатысы бар деген 62 жастағы азаматты Ресей Федерациясында қолға түсірді. Нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашты. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.

Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ ресми өкілі: «ТМД елдерінің аумағындағы операция барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекетіміздің құқық қорғау органдары іздеген адамдарды тұтқындады. Шемонаиха ауданының Первомайск кентіндегі саябақта әйелмен бірге арақ ішіп, жыныстық қатынастан соң өлтіргені үшін 1994 жылдан бері іздеуде жүрген Шығыс Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде құрықталды»

Операция барысында 2 күн ішінде іздеуде жүрген 290 қылмыскер ұсталған. Оның 19-ы республикадан тыс жерлерде, 137-і достастық елдерінде құрықталды. Сонымен қатар полиция хабар-ошарсыз кеткен 79 адамның орналасқан жерін анықтады.

Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ ресми өкілі: «Шет мемлекеттермен жолға қойылған ынтымақтастықтың арқасында іздеуде жүрген қылмыс жасаған 600 күдіктінің жүрген жері анықталды, олардың көпшілігі Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Түркия Республикасында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қырғыз Республикасында, Өзбекстан Республикасында және Украинада жасырынып жүр».

Одан бөлек, биыл қоғамдық резонанс тудырған қылмыс жасады деген 6 күдікті ұсталды. Қалған тұлғалар бойынша басқа елдердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.