Мәжіліс депуттары Қазақстан халқына ант берді

61

Бүгін жақында ғана сайланған су жаңа мәжілісмендер ант қабылдады. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары палатаның жалпы отырысында Қазақстан халқына адал қызмет етуге әрі ҚР Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға уәде берді.

Бұған дейін депутат мен министрлердің ант беру рәсімінде мемлекеттік тілде шорқақ сөйлеуі әрі қағазға қарап оқуы халық арасында наразылық тудыратын еді. Бұл жолы азаматтардың бұл сынын ескерген халық қалаулыларының басым бөлігі антты қазақ тілінде еркін әрі жатқа айтты. Бірақ арасында мәтіннен қателескендері де кездесті.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға, маған жүктелген депутаттық жоғары міндеттерді адал атқаруға ант етемін»-, деді депутаттар.

Жалпы отырыста президент алдағы уақытта парламент жұмысының бірнеше бағытын айқындап берді. Мәселен, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін- ең алдымен әділ әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек екенін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді деген президент өндірістік әлеуеттті  арттыру маңызды екенін алға тартты. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жаңа депутаттар елдегі инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру бағытында көбірек жұмыс істеуі керек.