Заңсыз аңшылық деректерін анықтау бойынша полицейлер рейд өткізіп, 80 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың негізгі бөлігі аңшылық және балық аулау ережелерін бұзу болып табылады.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау тобының полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі «Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша 31 дерек, ал ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу» бойынша 49 жайт құқық бұзушылықты анықтады. Заңсыз балық аулаушылардан 16 келі балық пен 8 балық аулауға арналған шанышқы құралы алынды.
Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ескерту жасалып, айыппұл салынды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігі бойынша 9 жайт анықталып, жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетер жайт, 24 ақпан мен 13 наурыз күндері аралығында Түркістан облысы аумағында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Ондағы негізгі мақсат — табиғатты қорғау заңнамасы, табиғатты заңсыз пайдалану, заңсыз өндірілген объектілер мен биоресурстар өнімдерін сату саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, браконьерлікпен айналысатын адамдарды анықтау болып табылады.