Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға ден қойылмақ. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын қайта өңдеуге басымдық беріледі. Бұл туралы өңірге іссапармен келген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Жалпы облыста алдағы 5 жылда мақта кластерін дамыту мақсатында Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу жоспарланып отыр.
Түркістан облысында Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қатысуымен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалар кездесуі өтті. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Алдағы уақытта мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады деді премьер-министр орынбасары.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі: “Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды”.
Алдағы 5 жылда облыста мақта кластерін дамыту мақсатында Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан 66 мың тоннаға ұлғайту көзделген.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады”.
Бүгінде жалпы құны 22 млрд. теңгелік 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ұсыныс енгізілген.