Мемлекеттік кірістер комитеті банкроттыққа құжат тапсыратын азаматтарды абай болуға шақырды. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында ақылы қызмет ұсынатын делдалдар көбейіп кетті.
3 наурызда республика бойынша банкроттыққа өтініш қабылдау басталды. Бүгін таңғы сағат 9:00-ға дейін соттан тыс банкроттыққа 11 177 өтініш түскен. Атап айтқанда, eGov арқылы 10 462 адам жүгінсе, e-Salyq Azamat қосымша арқылы 715 өтінім жіберілген. Осылайша, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды форматта өтінім жолдауға болады.
«Алайда кейбір халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңында банкроттыққа құжаттарды рәсімдеу үшін ақылы делдалдық қызмет көрсетуді ұсынатындар жиілеп кетті. Мемлекеттік кірістер комитеті соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізілетінін хабарлайды», — делінген ресми хабарламада.
Осы орайда мамандар соттан тыс банкроттық қарызы 5,5 млн. теңгеден аспайтын азаматтар ғана өтінім жібере алатынын еске салды. Берешек сомасы одан асатындар сот арқылы жүгінеді. Бұдан бөлек, төлем қабілеттілігін қалпыну келтіру рәсімін қолдануға болады.
Банкроттық рәсімін қолдану тәртібі туралы ақысыз толық ақпарат алу үшін ХҚКО-ның операторларына немесе мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне бару қажет. Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, сұрақ жолдауға болады.