Шымкент қалалық мәслихаттың жаңа депутаттарына куәлік пен төсбелгілер табысталды. Осылайша бүгіннен бастап халық қалаулыларының өкілеттігі басталды. Мәслихаттың құрамы біршама жаңарған. Олардың қатарында кәсіпкерлер, бірнеше жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер мен спортшылар да бар.
Шымкент мәслихатының су жаңа депутаттары таңертеңмен алғашқы жиналысына асығып барады. Олардың арасында алғаш рет халық қалаулысы атанғандары да бар. Бірақ барлығы азаматтардың үніне құлақ түріп, олармен тығыз қарым-қатынаста боламыз деп отыр. Өйткені, қазір тұрғындардың өзі таңдаған депутаттармен бірден байланыса алуы үшін жағдай жасалып жатқан көрінеді.
Жалпы Шымкент қалалық мәслихатында 32 депутат бар. Оның бірі қала әкімінің бұрынғы орынбасары Ерғали Білісбекеов. Бірақ ол алғашқы сессияда көрінген жоқ. Ал қалған депутаттарды мандаттарымен құттықтап, төсбелгі мен куәлігін тапсырды. Ең алдымен бірінші рет мәслихатқа келген депутаттар марапатталды. Мәселен, олимпиада чемпионы, көркем гимнастикадан еліміздің бас бапкері Әлия Юсупова бұл салада өзін алғаш рет сынап көрмек.
Құттықтаудан кейін мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, негізгі міндеттемелерді жариялады. Ол халық қалаулыларын құттықтап, алда атқарылар жұмыстар туралы айтты. Әрі бірлесе ел мүддесі үшін жұмыс жасауға шақырды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Алдымызда атқаратын ауқымды жұмыстар тұр. Қазіргі жаһандану процессінде көштің соңында қалмас үшін жылдам және ұтқыр шешімдер қабылдай білуіміз қажет. Біз әрқашан да халық үнімен санасып, қаланың стратегиялық құжаттарын, бюджетті қалыптастыру, нормативтік құжаттарды бекіту барысында ел мүддесін бірінші кезекке қойып келеміз. Қаламыздың әлеуметтік экономикалық жағдайы Үкіметтің қолдауымен тұрақты дамып келеді. Алда атқарылатын нақты міндеттерді өздеріңізбен бірлесе жүзеге асыратынымызға сенімдімін».
Ресми бөлімнен кейін, депутаттар мәслихат хатшысын сайлады. Бұл орынға өткен шақырылымда хатшы болған Бахадыр Нарымбетов жайғасты.
Сессия соңында депутаттар әр салаға жауаптыларды тағайындады. Енді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Ең бастысы депутаттар шенеуніктер үшін емес халық мүддесін қорғау үшін қызмет етуі керек. Халық таңдаған депутаттарға артылған жауапкершіліктің маңыздылығы да осында. Олар енді қалай жұмыс істейді, бұл уақыттың еншісінде.