11 сынып оқушылары енді математика пәнінен қорытынды емтиханды Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында тапсырмайтын болды. Ал мектеп директорларының аттестациясына жыл соңына дейін бірқатар өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі мәлімдеді.
Ғани Бейсембаев іссапар барысында Шымкент қаласы әкімімен білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына қол қойды.
Директорларды аттестациялауға үлкен өзгерістер енгізіледі. Соның бірі — кейінгі кезде шуға айналған Лессон стади әдістемесі. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздарға қиынға түскен бұл дүниенің қайта талапқа енуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен министр оған бірқатар дайындықтың қажет екенін атап өтті.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: «Директорлардың аттестациясына жылдың аяғына дейін үлкен өзгерістер енгізіледі. Лессон стади деген дүние толығымен ол талаптан алынып тасталып отыр. Білетіндер біледі, оның не екенін, біраз шулатқан еді. Біраз сарапшылармен ақылдаса отырып, оны алып тастауды ұйғардық. Жалпы керек дүние, оны ұстаздар қауымымен ақылдасып, кейін мүмкін қайта қоса жатармыз.
11-сынып түлектері математика пәнінен қорытынды емтиханды Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында тапсырмайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Шымкент қаласындағы білім саласының өкілдерімен жиында айтты. Сөзінше, бұл ақпарат тараған сәттен бастап алтын белгіге үміткерлер саны арта бастаған. Жиында мегаполис ұстаздары министрге атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ, өздерін мазалаған сауалдарын да жолдады.
«Өндірістегі тәлімгерлерге жан басына шаққандағы ақша бойынша төлесек. Олардың да ынтасын арттыру, студенттерді іс-тәжірибеде қабылдап, ары қарай жұмыспен қамту мәселелерін қарастырсаңыздар жақсы болар еді», деп ұсыныс айтты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Егер де келісімшартпен тұрмаса жұмысқа, оны ертең мемлекет қолдай алмайды. Егер екі арада келісімшарт болмаса, қорғаушы табу да қиынға түседі».
Кеңесте Қр Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына қол қойды.
Өңірлік жол картасының бірқатар іс-шарасы инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, қосымша білім беру, орта білім беруді дамыту, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту іс-шаралары да жоспарланған. Жол картасы балалардың құқығын қорғау, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды да қамтиды.
Гүлдана Дәурен