Шымкентте 100-ден аса отандық өнім жәрмеңкеге қойылды

42

Шымкентте өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 100-ге тарта кәсіпкер қатысуда. Шараның мақсаты отандық өнімдерге қолдау көрсетіп, тұтынушылар ауқымын кеңейту. 

Шымкентте 100-ден аса кәсіпкердің қатысуымен көрме-жәрмеңке өтіп жатыр. Шарада таныстырылған өнімнің бірі Қазалы сабыны. Отандық өнімнің шығарыла бастағанына 1 жылдай болған. Осы аралықта кәсіпкер тауарды Қызылорда облысынан бөлек, Ақтөбе, Атырау облыстарында сатылымға шығарған. Сабынның ерекшелігі табиғи өнімнен жасалғандықтан, денсаулыққа ешқандай зияны жоқ.

Қанат Арыстанбек, Қызылорда облысының өкілі: «Бұл сабынның басқа сабындардан айырмашылығы химиялық қоспасыз, яғни малдың ішмайымен және пальма майының қоспасынан жасалған. Күніне 1500 сабын өндіреді. Тапсырыстар көп. Алдағы уақытта иіс сабын да шығару жоспарымызда бар»

Ал жамбылдық кәсіпкер саңырауқұлақ өсіріп, мол табысқа кенеліп отыр. Олар бұл кәсіп түрін 2020 жылы бастаған. Қазір тек өсіріп қана қоймай, консервіленген өнімдер шығаруды қолға алған. Жылына 14 тонна өнім алады.

Назым Нұрбаева, кәсіпкер: «Біздің саңырауқұлақтың аты вешинки. Біздің өніміміз Шымкенттен тапсырыс береміз. Ұрықтарын алуға Алматы аграрлық иститутымен келісімшартқа тұрғанбыз. Өзіміздің отандық ұрықтарды қолданамыз. Алматыдан шығып жатыр»

Оңтүстік өңірде өндірілетін отандық өнімдер жинақталған көрмеге Шымкент қаласының әкімі де келді.

Көрме тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химиялық заттар, құрылыс материалдары, резіңке-пластмасса бөлімдеріне бөлінген. Онда ұлттық нақыштағы киімнен бастап, әйнек, жиһаз, қайыққа дейін бар.

Береке Дүйсебеков, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Әз-Наурыздың қарсаңында өткізудің бірден-бір себебі – осы біздің 4 облыс. Яғни Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қаласының тауар өндірушілері отандық. Осында келіп өздерінің өнімдерін таныстыруда. Бүгінгі таңда көрмеге 100-ден аса компания қатысты. Жәрмеңке 21-22 күндері өтіп жатыр»

Жәрмеңке мақсаты — жергілікті халық пен қала қонақтарына оңтүстік аймақта өндірілетін тауарларды кеңінен дәріптеу. Сол арқылы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, тұтынушылар санын арттыру. Бұл жәрмеңкенің бір ерекшелігі тұрғындар мұндағы кез келген өнімді зауыттық бағада сатып ала алады.