Шымкентте 500 отбасыға азық-түлік пен ауызашар қоржыны таратылды

86

Шымкентте Рамазан айына орай мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылды. Қайырымдылық шарасы аясында 500 отбасыға екі қорап ауызашарға арналған әрі күнделікті қажет азық-түлік қоржыны үлестірілді. Жыл сайын дәстүрге айналған қайырымды іске биыл қала әкімі бастап ұйытқы болып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер де акцияға белсене қатысуда.

Мұхаммеджан Естеміров, Шымкент қаласының наиб имамы: «Қораптың ішінде макарон, ұн өнімдері, құрма, шай, қант бар. Бұл ауызашар қоржыны. Ал мынау азық түлік, ішінде май, маш, қарақұмық, тары күріш бар. Жалпы 11 өнім бар ішінде. Әр отбасыға осы екі қораптан беріледі».

Бүгін Шымкентте дәл осындай екі қораптан «Рамазан қоржыны» 500 отбасыға таратылды. Олардың бірі 6 баланың анасы — Тұрсынай Жұманова. Биыл алғаш рет азық-түлік қорабын алған ол қасиетті айда қайырымдылық жасаған жандарға ризашылығын білдірді.

Тұрсынай Жұманова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Оразадан оразаға жете берейік. Мына қайырымдылық қорына рақмет. Әкімдік жәрдем беріп жатыр екен. Ниеттеріміз қабыл болсын. Менің 23 немерем, 6 балам бар. Көпбалалы анамын».

Жалпы Рамазан айында ауызашар себеті мен азық-түлік тарату үш жылдан бері үрдіске айналған. Бүгінгі игі шара қала әкімі және кәсіпкерлер бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Мегаполистің бас имамының айтуынша, қазір мұқтаж жандарға қол ұшын созамын деуші кәсіпкерлер қатары көбейген. Сондықтан күн сайын қаладағы әр мешітте қайырымдылық шаралары өтіп жатыр.

Бағдаулет Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Рамазан айы-мейірімді, қайырымды ай екені баршамызға белгілі. Жылда өзіміздің дәстүрімізге айналған жұмыстарымыздың бірі ол ҚМДБ 5 бағытының бірі ол қайырымдылық бағыты. Осы бағыт бойынша Рамазан себеті, ауызашар себетін жылда таратамыз. Биылғы жылда осы үрдісті бастап жатырмыз. Қасиетті Рамазан айындағы әр қайырымды іс 700 есеге дейін еселенеді».

Бас имамның айтуынша азық-түлік тарату акциясы қасиеттің айдың соңына дейін жалғасады. Ал мұқтаж жандар қаладағы 5 ауданнан арнайы қайырымдылық қор өкілдері ұсынған тізім бойынша анықталады. Бұдан бөлек Рамазан айының әр күнінде 40-қа жуық мешітте 150 адамға арналған ауызашар ұйымдастырылады.