Шымкентте көктемгі ветеринарлық-профилактикалық жұмыстар қарқын алды. Ол үшін бюджеттен 184 млн теңге бөлінген. Қазір жоспарға сәйкес үй жануарларына сібір жарасына қарсы екпе егіліп жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта 1 млн. 7 мың бас мал вакцинациядан өтпек.
Қаламыздағы мал шаруашылығының дамуына серпін беріп жүрген шаруа қожалығының бірі «Қасқасу С» фермасы. Олар мал бордақылап, қала тұрғындарын етпен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, асыл тұқымды жылқылар санын көбейтумен де айналысады.
Бекмат Пірназар, шаруа қожалық қызметкері: «2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Қазір 450 бұқа бар. 300 малды сойып, етке тапсырдық. Одан бөлек қой мен жылқы өсіреміз».
Қазір Шымкентте көктемгі ветеринарлық-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда Мәртөбе ауылында наурыз айында сібір жарасына қарсы 250 бас малға екпе салынған.
Нұрғали Бөкенбаев, ветеринар: «Сібір жарасына қарсы екпе жүргізіп жатырмыз. Бұл көктем мен күзде екі рет жасалатын шара. Ол спора түрінде кездеседі. Бұл өте қауіпті, жұқпалы ауру. Сондықтан оны болдырмас үшін шара қолданып жатырмыз».
Осы айда ірі қараның липтозперозына қарсы 8 мың, сібір жарасына 10 мың, қарасанға 4 мың, дематитке қарсы 14 мың бас малға екпе жұмысы жүргізілді. Мамандар мұның бәрі мегаполиске тиесілі үй жануарларын қорғау үшін жасалып жатқанын айтады.
Аян Байжанов, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы: «Наурыз айында үкіметтен берілген 14 түрлі прафилактикалық емдеу шаралары, сосын 29 ауруға қарсы диагностикалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Эзотиялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Сәуір айының бірінші 10 күндігінде басталады. Қоражайларды және жануарларды бүрку және тоғыту жұмысы жүреді».
Үй жануарларын емдеу және түрлі аурулардың алдын алу шарасына бюджеткен 184 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа алдағы уақытта 2 млн-ға жуық ірілі-ұласақты малға вакцина салу қарастырылған.