Шымкентте наурыз айы басталғалы бері улы газдан 4 адам қайтыс болды

44

Шымкентте наурыз айында 4 адам газдан уланып, қайтыс болды. Екеуі 6 наурыз күні көз жұмса, арадан бір күн өтіп, тағы екі адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына жеткен мамандар үйде газ құрылғыларының дұрыс орнатылмағанын анықтады.

Жалпы мегаполисте жылыту маусымында мыңнан астам адам улы газдан зардап шеккен. Оқыс оқиғаның көбеюіне не себеп? Көп жағдайда қала тұрғындары қандай қателікке бой алдырады?

Достық шағынауданындағы бұл үйден 7 наурыз күні екі адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, 1963-1964 жылы туған қала тұрғындары газдан улану салдарынан қайтыс болған. Оқыс оқиға орнына жеткен жедел топ газбен жылытылатын су жылытқыш құрылғыда ақау бар екенін анықтады.

Ерғали Айбек, «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент өндірістік филиал басшысының бірінші орынбасары: «Екі азамат пен азаматша моншаға түсіп жатып, көз жұмды. Бөлме ішінде көгілдір отын мен қамтамасыз етілген су жылытқыш қазандығының уы сыртқа тарап шығатын құбырды бекітілмеген. Екеуінің ортасы 5 саниметрге дейін ашық қалған. Салдарынан екі адам қайтыс болып отыр».

Бұдан бір күн бұрын, яғни 6 наурыз күні 13 жастағы жасөспірім мен 1975 жылы туған ер адам да улы иістен қайтыс болған еді. Екі жағдайда да арнайы бригада газ монтаждау құрылығыларының дұрыс орнатылмағанын анықтаған болатын.

Қазір оқиға орын алған барлық үй көгілдір отыннан ажыратылған. Нақты себебі анықталып жатыр. «Қазтрансгаз» өкілдері қала тұрғындарынан жуыну және жатын бөлмелерге су жылытқыш құрылғыларды орнатпауды сұрайды. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларына бей-жай қарамауға кеңес береді.

Ерғали Айбек, «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент өндірістік филиал басшысының бірінші орынбасары: «Әр үй иесі еңбек қауіпсіздігін сақтамағанның салдарынан осындай жағдай орын алып отыр. Сонымен қатар бұл ішкі жүйені қадағалау, бәсекелестік рынокта жеке кәсіпкерлер атқарады бұл жұмысты. Үй иелері жеке кәсіпкермен ішкі газ жүйені тексеру үшін келісімшартқа отыруы тиіс. Жылына екі рет, қыстық маусым алдында және аяқталған уақытта тексеріліп отыруы керек».

Жалпы биыл жылыту маусымы басталғалы бері үшінші мегаполисте 1211 адам газдан уланып, оның 20-сы қайтыс болған. Қаза болғандардың ішінде екеуі кәмелетке толмаған балалар. Мамандар газ орнату бойынша заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға айыппұл салынатынын ескертеді.

ҚР ӘҚБтК-нің 306 бабының бірінші бөліміне сәйкес, жеке тұлғаларға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады – бұл 24 мың 175 теңге. Айыппұлды бір апта ішінде төлесеңіз, 50% жеңілдік қарастырылған. Ал заң бұзушылық екінші рет қайталанса, айппұл мөлшері 10 АЕК болады.