Шымкентте наурыз айында шамадан тыс жауын түседі

85

Төтеншеліктер сақадай сай. Қар еріп, жауын көп түсетін, көктем мезгілінде су басу қаупі бар барлық аумақ жіті бақылауда болады. Шымкент қаласында да жағдай тұрақты дейді мамандар. Тек наурыз айында жаңбырдың көп болуына байланысты, аздаған қиындықтар туындауы ықтимал. Бірақ су тасқынының алдын алуға қажетті техника мен құрылымдық күш жеткілікті екен.

Шымкентте наурыз айында нормадан тыс жаңбыр жауады. Бұл туралы «Қазгидромед» мамандары болжап отыр. Көктемнің алғашқы айында жауын көп болуына байланысты, су басу жағдайлары да күрделенуі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті алдын алу шаралары мен түсіндірме жұмыстарын күшейттік дейді.

Жәнібек Кәрімбаев, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Су тасқыны кезінде халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында департамент смс хабарламалар, цифрлық 26 теле, 3 радиоарналарды ұстап, қала тұрғындарына ескертулер жариялап отырады. Бүгінгі таңда департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірге бірқатар жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, қала аумағындағы су басу қаупі бар аймақтарды тік ұшақпен әуеден шолу жүргізді».

Қазіргі таңда қала аумғында су тасқыны мәселесіне қатысты жағдай тұрақты әрі төтеншеліктердің жіті бақылауында. Жалпы қалада 10 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 9-ы жарамды, ал біреуі жөндеуді қажет етеді. Ал авариялық нысандар тіркелмеген. Сонымен қатар алдын алу шаралары барысында 56 шақырымды құрайтын 12 канал қоқыстан тазартылған. Яғни, бұл су тасқынынын болдырмауға сеп болады дейді төтеншеліктер.

Жәнібек Кәрімбаев, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Қалада 4 ірі өзендер мен 27-ден астам каналдар ағады. Жалпы су қоймаларының толуы бүгінгі таңда 6 пайыздан 70 пайызға дейін құрайды. Бүгінгі тасқынсуларды қабылдау үшін су қоймаларынлдағы қор қажеттілігі жеткілікті. Өзендердегі судың деңгейі ортадан төмен».

Қазіргі таңда қала аумағындағы су басу қаупі бар 30 учаскенің барлығы бақылауға алынған. Мамандар төтенше жағдай орын алған жағдайда техникалар мен құрылымдық күш жұмысқа бірден кірісуге дайын екенін айтады.