Шымкентте өңіраралық инвестициялық форум өтіп жатыр

39

 

Өңіраралық инвестициялық форумды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын боламыз. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумында мәлімдеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумы басталды. Мұнда еліміздің оңтүстік өңірлерінің — Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына инвестициялық түсімді арттыру, экономикалық тұрғыда дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланбақ.

— Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Оңтүстік өңірдегі әріптестеріміздің басын қосып, ауқымды іс бастап отырмыз. Бүгінгі инвестициялық форум Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының экономикалық тұрғыда дамып, өзара ынтымақтастықта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Форум аясында күні кеше өңірлердегі өндіруші кәсіпорындар арасында көрме-жәрмеңке өтті. Онда біз шекаралас өңірлердің мүмкіндіктерімен таныстық. Сонымен қатар, форумға шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер де қатысып отыр. Кездесулер барысында кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды жүзеге асырудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін қарастырады деп сенеміз. Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр, — деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Оңтүстік өңірлердің басын қосқан алқалы жиынға ҚР Сыртқы істер вице-министр А.Айдаров, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Атамқұлов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Жошыбаев және шетелдік әлеуетті инвесторлар, отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары қатысып отыр. Ал, форумның арнайы қонағы ретінде халықаралық «Fitch Ratings» сарапшылық компаниясының өкілі шақырылған.

— Бүгінгі форумның басты ерекшелігі — оңтүстік өңірдегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының бірлесіп өткізіп отырған алғашқы өңіраралық инвестициялық форумы. Ұлыстың үлы күні қарсаңында осы 4 өңірдің кәсіпкерлерінің басын қосып, атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқылап отырмыз. Яғни, Шымкент қаласының ғана емес, Оңтүстік өңірдің мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделген. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылады. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдіріп отыр. Осы жиын барысында жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылмақ, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.

Шымкент — тоғыз жолдың торабындағы қала. Темір жол тасымалына да, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі арқылы тасымалға да қолайлы ортада. Б.Дүйсебектовтің айтуынша, осы ерекшеліктерді ескере отырып, Шымкенттегі логистикалық аймақтың аумағын 136 гектарға кеңейтіліп жатыр.

Шымкенттің экономикалық дамуына үлес қосып отырған өзбекстандық инвестор Саркор Исонбаев атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды.
— Біз Шымкентте фармацевтика саласын дамыту мақсатында қаржы салып отырмыз. Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық қатынасты ғана емес, ынтымақтастықты да нығайта түседі деген сенімдеміз. Шамамен 3-4 жыл бұрын «Тассай» индустриалды аймағында жақпа мазь, суппозитор дәрмектер өндірісінің құрылысын бастаған болатынбыз. Оған 3,5 миллион доллар қаржы жұмсалып, өндіріс жұмысын бастап отыр.Бұл — алғашқы кезең. Ал, биыл 9,7 миллион долларға инфузиялық ерітінді өндірісінің құрылысын бастамақпыз, — дейді «Dentafill-Қазақстан» фармацевтикалық компаниясының бас директоры С.Исонбаев.

Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған түста 194 млрд теңге инвестиция тартылса, былтыр инвестиция көлемі 560 млрд теңгені құраған. Мамандар жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.