Шымкенттік ірі көлік компаниясына дизель отыны тұрақты жеткізіледі

69

«Shymkent Bus» ЖШС-інің дизель отынына байланысты көтерген мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев мәлімдеді. Енді ірі көлік компаниясына 750 тонна көлемінде сұйық отын жеткізілетін болды. 

Шымкентте қоғамдық көліктер үшін дизельдің литрі 230 теңге. «Шымкент Басс» ЖШС-не қажетті отынды керекті мөлшерде жеткізу мәселесі шешілді. Енді автопарк ай сайын 20 миллион теңгеден астам қаржысын үнемдей алады.

Руслан Данаев, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу басқармасы бастығының орынбасары: «Біз бұл мәселені шеше алдық. Әкімдік арқылы минстрлікке хат жолдадық. Олар келісімшарттағы соммадан артық ақша төлеген. Енді компания 26 миллион теңгесін үнемдейді”

Айта кетейік, бұл жағдайға қатысты алғашқылардың бірі болып жолаушылар тасымалымен айналысатын ірі компания басшысы дабыл қаққан. Азат Қайыпбековтың айтуынша жанармай құю бекеттері үкімет бекіткен литріне 230 теңгеге дизель отынын құя алмапты. Олар сұйық отынды 265 теңгеден сатып алып келген.

Азат Қайыпбеков, «Shymkent Bus» компаниясының директоры: «Негізі біздің автобустар 230 теңгеден жанармай құю керек. Бізде 230 автобус бар. Күніне 23 тонна дизель қажет. Мемлекет бізге 230 теңгеден субсидия береді. Біз қазір 265 теңгеден сатып алып жатырмыз. Әр лиртіне 35 теңгеден есептесек, айына 800 мың теңге артық төлейміз. Шығынға батып жатырмыз»

Бұл мәселемен былтырдан бері Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы айналысып келеді. Ал Экономикалық тергеу департаменті мәселені тез арада шешілуіне ықпал етті.

Мұхтар Қоқанбаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «ҚазМұнайГаз» компаниясымен жеті жүз елу тонна дизель жеткізуге келісімшарт жасалды. Енді ешқандай мәселе болмайды. Барлығы заңды түрде шешілді»

Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері жанар-жағармай жеткізуге қатысты кез келген заңсыз әрекеттер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Мегаполисте жанармай тапшылығын тудырмау үшін мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмысы уақытша шегерілді. Жөндеу шаралары 18 наурыз бен 9 сәуір аралығына ауыстырылды.