Түркістанда Аналар мерекесі қарсаңында әдеби-романтикалық «Поэзия түні» өтеді. Кеш ұйымдастырушылары – «Тармақтар» жобасының авторы Рысгүл Досжанова мен ақын Еламан Төлеутай. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткелі жатқан рухани кеш барысында әлеуметтік желідегі жобаның жалғасы болған «Тармақтар» кітабының таныстырылымы болады.
Әдебиетсүйер қауымның жадында болар, «Тармақтар» жобасы – 2021 жылы Instagram әлеуметтік желісінде қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттайтын парақша болып ашылған. Парақша аз уақыттың ішінде оқырмандардың көңілінен шығып, көпшіліктің сүйікті жобасына айналды. Жеке порталы ашылды. Сәйкесінше, жоба авторы Рысгүл «Поэзия түнін» елдің түкпір-түкпіріндегі белгілі ақындарымен бірнеше рет онлайн форматта өткізген болатын.
Ақын Еламан Төлеутай Түркістанда әдеби орта, ерекше романтикалық атмосфера бар екенін және рухани астананың ерекше шабыт беретінін айтады.
— Instagram желісінен бастау алған жобамыз кітапқа айналды. Енді
міне, сол кітаптың таныстырылымын жасағалы жатырмыз. Түркістанда әдеби орта, ерекше романтикалық атмосфера бар деп жиі айтып жүремін. Шынымен де солай. Бізге шабыт береді бұл Түркістан. Түркістандықтардың ыстық қолдауына жылынып, бөленіп жүрген соң, еліміздің көптеген қалаларында өткізуді жоспарлап жатқан кешімізді осы шаһардан бастағанды жөн көрдік. Ыстық ықыластарыңызды тағы да сезінгіміз келеді, — деді ол.
Әдеби-романтикалық «Поэзия түні» 6 наурыз күні сағат 19:00-де Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде өтеді. Кеш жанды әуен, романтикалық атмосферамен ерекшеленбек және қонақтарға арнап фуршет ұйымдастырылмақ. Кіру тегін.
Сондай-ақ өнер кешінде «Tармақтар» кітабы сатылымға қойылады. Кітаптың ерекшелігі – онда қазақ поэзиясындағы 200-ден астам автордың ең үздік лирика-философиялық тармақтары топтастырылған. Тармақтардың жанында оның аудиопоэзиясын тыңдауға мүмкіндік беретін QR-код бар. Сонымен қатар өлеңнің толық нұсқасы да қамтылған.