1 топта 2 тәрбиеші: Ата-ананың көңілінен шыққан жоба неге тоқтап тұр?

168

Былтыр Шымкентте 3 балабақшада «бір топта күні бойы 2 педагог» пилоттық жобасы жүзеге асты. Ата-аналардың айтуынша бұл шара барысында балалардың қоғамдық ортаға деген қызығушылығы артқан. Алайда бағдарлама қолдау таппай, жабылып қалды. Ал мамандар балалар зейінін ашқан шара қайта іске қосылатынына сенімді.

Былтыр балабақшаларда «бір топта күні бойы 2 педагог» пилоттық жобасы жүзеге асты. 5 жасар Рамазанның әкесі тәжірибелік сыныпта жүргенде баласының көңіл күйінде бірқатар ерекшелік байқалғанын айтады. Көбіне қазақтың ұлттық дәстүрі, ойындары жайында мағлұматтар біліп, оны үйде қайталап айтып жүреді екен. Оның үстіне баласының күнделікті белсенділігі артқан.

Мұрат Қойлыбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «2 тәрбиешінің болғаны тиімді деп ойлаймыз. Өйткені 25 баламен 1 тәрбиеші жұмыс істегеннен гөрі баланы 2 топқа бөліп, әр қайсысымен жеке-жеке жұмыс істегені жақсы. Оған біздің толық көзіміз жетіп отыр. Баламыз үйге келгенде ашық. Осы жоба аясында баламызға көп көңіл бөлінетінін байқадық»

Жоба аясында 1 топты күні бойы 2 тәрбиеші маман бақылауда ұстайды. Ал әр күні сабақ қандай бағытта өрбитінін балалардың өздері таңдайды. Бағдарлама артықшылығы бүлдіршіндер ойнап жүріп білім алады. Мамандардың айтуынша бұл шара балалардың еркін ойын қалыптастыруға, дамуына көп серпін береді.


Ғалия Оспан, тәрбиеші: «2 педагогтың бірлесе отырып жұмыс істегені менің ойымша балалар үшін тиімді. Мысалы 1 тәрбиеші 25 балаға жауап берсе, бұл жоба барысында әр тәрбиеші 12-13 балаға жауап береді. Көңіл бөлу жағынан тиімді. Іс-әрекет ойын түрінде өтті. Балаларға тиімді, қауіпсіз заттық дамытушы орындар ұйымдастырылды»

Мария Тәжиева, №68 «Балауса» балабақшасының меңгерушісі: «Бұл жобаға 2 топ қатысты. Атап айтқанда 50 бала мен 4 тәрбиеші. Оған қоса меңгеруші, психолог мамандар атсалысты. Жобаның басты міндеті – материалдық базаны жақсарту, заттық кеңістік дамытушы орталарын ұйымдастыру. Және осы ортаның балаға тартымды болуын, баланың қызығушылығын арттыру және сапалы, қауіпсіз болуы»

Пилоттық жобаға 3 бөбекжай таңдалып алынған. Оның 2 екеуі мемлекеттік және 1 жекеменшік балабақша. Онда 100 бүлдіршін жаңартылған бағдарлама негізінде сабақ алды. Дегенмен қазір балақайлар мен алардың ата-аналарына қатар ұнаған бағдарлама тоқтап тұр. Білім басқармасы оның басты себебі әзірге қолдаудың жоқтығынан дейді.

Жеңіс Көздіғарина, Шымкент қаласы білім басқармасының «Мектепке дейінгі дамыту орталығының» бөлім басшысы: «3 мектепке дейінгі білім беру ұйымында жүргізілді. №56 «Тұлпар» бөбекжай балабақшасы, №68 «балауса» балабақшасы, және «Әйкерім» балабақшасында. Күні бойы 2 тәрбиеші жұмыс істеді. Бұл балаларға да, ата-анаға да тиімді болды. Не себепті? Жоба барысында балалардың қызығушылығы артып, заттық дамытушы орта өзінің жүйелі жұмысын жүргізді. Қазіргі таңда қолдау табылмай отыр. Дегенмен де осындай 2 тәрбиеші жұмыс істейтін жобалар әлі жалғасады»

Мамандар жобаның алдағы уақытта қайта іске қосылатынына сенімді. Себебі бұл қолға алынған шара барысында ұстаздарға жүктеме артылса да, балаларға көңіл көп бөлініп, еркін білім алуына септігін тигізеді.