Абай ауданы 2024 жылы 100% көгілдір отынмен қамтылады

53

Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Ауданда инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші әлі 100 пайызға жеткен жоқ. Сондықтан қазір елдімекендерде қызу құрылыс жүріп жатыр. Әрі «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салу көзделген.

Биыл Абай ауданында 3 елдімекен табиғи газбен қамтылады. Олар 3 мыңнан аса халқы бар Асар-2 шағын ауданы, 8 мың тұрғын қоныстанған Қайнарбұлақ тұрғын алабы және 5 мыңға жуық жер учаскесі бар Нұршуақ шағын ауданы. Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін аталған елдімекендер көгілдір отынға қол жеткізсе, 4 елдімекенде келесі жылы газ жүргізіледі. Сонымен, қамту қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
«Ауданда бір елдімекен сумен қамтылмаған. Ол 3,7 пайызды құрайды. Электр жарығы бойынша 25 елдімекен қамтылған. Екі елдімекенде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Табиғи газ мәселесі бойынша 20 елдімекен, 71,4 пайыз қамтылған. 7 елдімекенде 25,9 пайыз газбен қамтылмаған».

Сонымен қатар, биыл 23 жоба «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы іске асады. Яғни, ауданда конкурста көп дауыс жинап, жеңіске жеткен елдімекен халқына спорт алаңшалары салынады. Жобаның жалпы құны 497 млн 500 мың тг.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
«Бүгінгі күнде мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Осы мердігер мекеме анықталғаннан кейін бұл елдімекендердің барлығына осы жобаға сәйкес жұмыстар жүргізілетін болады. Жалпы енді бұл жерде спорт алаңшаларын салып жатырмыз. Абай ауданында шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғыналаптар бар. Сол елдімекендердің барлығына қазір спорт алаңшасы салынып, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасалып жатыр».

Бұдан бөлек, Абай ауданында 2023-2024 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынады. Аудан әкімінің айтуынша, биыл оның алтауының құрылысы аяқталады. Ал қалғаны келесі жылға жоспарланып отыр.

Бұхарбай Парманов,  Абай ауданының әкімі: «Бұл Нұршуақ Достықта 2000 орындық мектеп, Нұршуақ ынтымақ жағында 2000 орындық мектеп, жаңа Тұрланға 1200 орындық, Қатын көпір шағын ауданына 1200 орындық мектеп, Бозарық шағынауданына 2 мың орындық және Достық шағын ауданында 2000 орындық мектеп салу жоспарланып отыр».

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 27 елдімекен бар. Онда 257 мың халық қоныстанған. 2023 жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылаған аудан әкімі Бұхабарбай Парманов алдағы уақытта ел игілігі үшін инфрақұрылымды жақсартып, бірқатар жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр дейді.