Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің кезекті халықпен кездесуі Әл-Фараби ауданында өтті. Тұрғындар қала басшысына өзін толғандырған мәселелер туралы айтып, сауалдарын жолдады. Инфрақұрылым мәселесі толық шешілген ауданда қазір балалар ойын алаңы мен аулаларды абаттандыру проблемасы өзекті. Сондықтан аудан әкімі биыл тағы 30 ауланы абаттандыру үшін қаржы сұрады.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев халық алдында биыл тағы 30 ауланы абаттандыру үшін қаржы сұрады. Ал мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов тұрғындардың қамын ойлаған аудан әкіміне риза болғанымен, биыл мұндай мүмкіндік жоқ екенін айтты. Өйткені, 2023 жылдың өзінде ауданның 39 ауласын көркейту үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп қойған.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Биылға қаржы бөлініп қойды. Сіз менен сұрағанмен қаржы таба алмаймыз ғой. Бірақ қосымша табыс болып жатса, қарастырамыз. Егер өзіңіз қаржысымен бірге салып беремін десеңіз қарсы емеспіз».
Жалпы Әл-Фараби ауданында аулаларды абаттандыру мен балалар ойын алаңын салу мәселесі өзекті. Мегаполис әкімінің есеп беруіне келген Күншығыс 17 елдімекеннінің тұрғындары да осы проблеманы қозғады. Сөздерінше, 2013 жылы салынған ойын алаңының қазір түгі қалмаған.
«Біз балалар ойын алаңын салып беруге өтініш беріп едік. Бірақ биылғы жоспарда біздің үй жоқ екен. Соны мүмкіндігі болатын болса қосып берсеңіздер»,-дейді тұрғындар.
«17 үйге 2025 жылы салынады екен. Біз приоритет бойынша ең алдымен мүлде балалар алаңшасы жоқ аулаларға салынады. Сіздерге 2013 жылы салынғандықтан, 2025 жылға жоспарланып отыр»,-деді қала әкімі.
Ал Әлімбетов көшесінің тұрғындары ауласындағы газ қазандығының проблемасын көтерді. Сөздерінше, 10 жыл бұрын салынған қазандықтық талапқа сай келмейді. Үйге жақын орналасқандықтан иісіне шыдау мүмкін емес дейді. Тіпті терезе аша алмаймыз деген жұрт алдымызға тағы бірнеше үй салынса жағдайымыз мүлде қиын болады деп алаңдаулы.
«Қалай салынғанын бір Алла біледі. Өйткені, ешқандай талапқа сай емес. Қазандық біздің үйге 12 метр тиіп тұр. Және арасында 30 тонна екі емкость жерге көміп тастаған, резерв етіп. Ол мүлде тиіп тұр үйге»,-деді тұрғындар.
Ал бұл мәселеден хабарсызбын деген Мұрат Әйтенов проблеманы шешу үшін тұрғындардан уақыт беруін сұрады. Бірақ міндетті түрде қазандық орналасқан аумаққа барып, тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілетінін және қажет шаралар қабылданатынын айтты.