«Әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы төлену керек»

147

«Әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы төлену керек». Бүгін мәжілісте депутаттық сауал жолдаған Гауһар Танашева атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мәселесін көтерді. Ол мемлекеттен берілетін бұл көмекпен балаларды асырау мүмкін емес екенін айтты. Сондай-ақ жиында бірнеше депутат сауал жолдап, елдегі өзекті мәселер туралы ұсыныс білдірді.

Елде пәтер жағалап жүрген көпбалалы отбасылар көп. Олардың болашағына алаңдаған мәжіліс депутаты Гауһар Танашева әр балаға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 70 мың теңге жәрдемақы төлеуді ұсынды. Халық қалаулысы депутаттық сауалында, қазір 4 балаға мемлекеттен тек 55 мың теңге берілетінін және ол ешбір жыртықты жамауға жетпейтінін жеткізді. Сөзінше, 4 балаға кемінде 280 мың теңге төленуі тиіс. Әрі олардың баспана мәселесін шешуге де ертерек назар аударған жөн деді. Кері жағдайда, келешекте кедей отбасылар саны артып, бала туу көрсеткіші төмендеуі мүмкін.

Гауһар Танашева,  ҚР Параламенті мәжілісінің депутаты: «Оларды тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ. Ипотека рәсімдеудің қолжетімді шарттары қарастырылмаған. Бұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке ме? Объективті түрде қарасақ, оны да нақты көмек деп санауға болмайды. Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ. Бұл жағдайда балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз».

Ал халық қалаулысы Ерлан Әбдиев мүгедектігі бар балалар үшін ұшақ билеттері тегін болсын деген пікір білдірді. Депутат бүгінде ерекше жандарды әуе көлігімен тасымалдауда қолжетімсіздік мәселесі кездесетінін ашып айтты. Яғни, ұшаққа билет сатып алу мүмкін емес, жеңілдіктер және тегін ұшу мүмкіндігі қарастырылмаған. Билет құны көбінесе бір айлық әлеуметтік төлем көлемінен асып кетеді деді ол.

«Бүгінгі таңда елімізде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдардың саны – шамамен 340 мың және 80 мыңға жуық баланың мүгедектігі бар. Мемлекет субсидиялайтын біздің авиакомпанияларымыздың, инклюзивті қоғам құруға өз үлесін қосуға мүмкіндігі жоқ болғаны ма? Мәселе мүмкіндікте емес, мәселе үлес қосамын деген ниетте екеніне сенімдімін.  — І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдіктер немесе арнайы тариф билет құнының 50% мөлшерінде болсын; — Осы санаттағы адамдарға жылына бір рет, бір бағытқа ұшып бару және ұшып қайту тегін әуе қатынасымен қамтамасыз етілсін; — Мүгедектігі бар балаларға әрқашан тегін рейстер жасалсын; — Ұшу барысында сүйемелдеуді қажет еткен жағдайда, сүйемелдеуші адамдар үшін жеңілдетілген тариф көзделсін»,-деді депутат.

Мәжіліс отырысында жасөпірімдердің психологиясы бұзылып бара жатыр деген мәжілісмен Аманжол Әлтай да депутаттық сауал жолдады. Ол кәмелетке толмағандарға TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салу қажет екенін айтты. Сөзінше, соңғы кездері әлеужеліде жағаұстатарлық жағдайлар көбейіп бара жатыр.

«Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет жасап жатқан Tik-Tok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек»,-деді Аманжол Әлтай.

Депутаттық сауал жолдағандардың арасында Ардақ Назаров та бар. Ол ЛГБТ насихатын шектеу шараларын дереу қолға алу керек деп санайды. Айтуынша, қазір елдегі жекеменшік мектептерде ЛГБТ қарқынды насихатталып жатыр. Бұған алаңдаушылық білдірген мәжілісмен экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп идеологиямызды естен шығармайық деді.

Әрі үкіметке, барлық платформаларда, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сай келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салуын және теріс ағымға үгіттейтін ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын жасақтауды сұрады.