Гүл егіп, миллионер болды-Шымкентте 9 аула жеңімпаз атанды

67

Гүл егіп миллионер бол. Шымкентте алғаш рет «Менің гүлді аулам» атты байқау ұйымдастырылды. Жалпы жүлде қоры 16 млн теңгені құрайтын сайыс бір айға созылды. Нәтижесінде қаладағы 91 аула гүлге көмкеріліп, оның 31-і жеңімпаз атанды.

Жалпы жүлде қоры 16 млн теңгені құрайтын конкурс өз мәресіне жетті. Бір айға созылған сайысқа Шымкенттің 4 ауданынан үміткерлер қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Менің гүлді аулам» байқауына 91 қатысушы өтінім берген. Оның 31-і комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылды.

Гүлнар Сапарымбет, «Менің гүлді аулам» конкурсының комиссия төрағасы:
«Өзіміз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап әр аулаға барып көріп қайттық. Әр критерийге баса назар аудардық. Ең бірінші талап, әр аулада Шымкенттің бренді-қызғалдақтың болуы, және ол 30 пайыз болу қажет. Және суару жүйесі қалай ұйымдастырылғанына да қарадық».

Комиссия құрамында коммуналдық салада бірнеше жыл жұмыс өтілі бар мамандар, ботаниктер, БАҚ өкілдері мен блогерлер болды. Олар өзара ақылдасып, жүлде қорына біраз өзгеріс енгізіпті. Алғашында бірінші орын алған аулаға 3 млн теңге берілуі қажет болса, комиссия мүшелері оны бөліп екі-үш ауланы марапаттауды жөн санапты. Өйткені, тұрғындардың еңбегін бағалау қажет дейді.

«9 аулаға-1 млн теңгеден, 6 аулаға- 500 мың тг-ден, 9 аулаға-250 мың тг, 8 аулаға-150 мың, 1 аулаға-100 мың теңгеден марапаттау шешімі қабылданды»,-дейді комиссия төрағасы.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінген жалпы жүлде қоры қысқарған. Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев бұл байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар саны азырақ болды дейді. Сондықтан 22 млн теңге-16 млнға қысқарыпты. Қалған қаражат мемлекетке қайтарылады.

Азамат Қалқабаев, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының м.у.а.
«Ең басты мақсатымыз, тұрғын үйдің тұрғындарын біріктіріп, тұрып жатқан жерлерін абаттандырп гүлденуіне үдес қосу. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан оң реакция болса, тұрақты түрде ұйымдастырып отыруға тырысамыз».

Сала мамандары да бұл жобаны әрі қарай дамыту қажет деп есептейді. Және алдағы уақытта міндетті түрде өткізіп отыру керек деген ұсыныс білдірді. Айта кетейік, байқаудың марапаттау шарасы 21 сәуір күні сағат 12:00 де Орталық саябақта өтеді. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын маңызды шараның куәсі болуға шақырады.