«ЛТД Тұрмыс» ЖШС -і қаладағы көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруда

52

«ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің жұмысшылары жоспар бойынша Бауыржан Момышұлы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы гүлдеп біткен қызғалдақтардың баданасын қазып, жинап алуда. Ондағы жұмысшылардың бірі Күлипа Таңатарова «гүлді баптау оңай іс емес, күтім болмаса гүл жетілмейді, барлығын мерзімінде жасаған жөн»,- дейді.

Коммуналшылар қызғалдақтардың баданасын жинап салқын жерде сақтап, күзде қайта отырғызады. Келер жылы көктемде олар жайқалып, қала көшелері, гүлзарлар мен саябақтарға ерекше көрік береді. Жергілікті биліктің жоспары бойынша келер жылы Шымкентте 2 млн. түп қызғалдақ отырғызылмақ.

10 жылдан астам уақыт коммуналды салада жұмыс істеп келе жатқан Алима Момбекова «қаламыздың көркеюіне үлес қосқаныма қуанамын, мақтанамын»,- дейді.

Биыл «ЛТД Тұрмыс» ЖШС шаһардағы Тұран және Әл-Фараби аудандары аумағын көгалдандыруға жауапты. Ерте көктемде көпжылдық раушан гүлдердің түбін қопсыту жұмыстары, көше бойындағы, саябақтар мен гүлзарлардағы газондар мен шөптерді ору жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар қар түскенше жүргізіледі дейді коммуналшылар.

Айта кететін жәйт, бір ғана  Қаратау ауданы аумағын көгалдандыруға бюджеттен 137 млн. теңге қарастырылған.