Маневр жасау қағидаларын бұзған – 2 мотоцикл жүргізушісі жауапқа тартылды

113
фото Спутник

Шымкент қаласында құқықтық саясаттың іске асырылуы және қылмысқа қарсы күрес шаралары барысында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Күні кеше үшінші мегаполисте «Мотокөлік» іс-шарасы бастау алды. Аталмыш шара барысында Шымкентте үш күн ішінде 80-нен аса құқықбұзушылық анықталды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері қала аумағында жол апатын азайту, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Шара барысында жол ережелерін елемей, жүгенсіз кеткен мотоцикл жүргізушілері анықталуда.
Іс-шараның 3 күнінде мотокөлік құралдарының жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзудың барлығы – 83 дерегі анықталды.
Оның ішінде: техникалық байқаудан өтпеген – 3, жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған – 10 тұлғаға хаттама толтырылды.
Жұрт жұмысқа асыққан таңғы және кешкі уақыттарда қалада ауқымды кептеліс орын алатыны белгілі. Осындай шақтарда мотоцикл жүргізушілері жол жүру ережелерін белден басып, қауіпсіздік ережелеріне пысқырмайтындығы белгілі. Кептелісте тұрған көліктердің ара арасымен зуылдай айдап, тіпті жаяу жүргіншілер жолағын да елемей өте шығатындығы тағы белгілі.
Одан бөлек, әсіресе түнгі уақытта мотоциклдің өте қатты жылдамдықпен айдап, көліктің дабысы жер жаратындай ететіндері де жоқ емес.
Дегенмен асауларға тұсау салынуда. Шара барысында сондай-ақ, тыныштықты бұзу бойынша – 33, маневр жасау қағидаларын бұзған – 2, жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген – 1, жаяу жүргiншiлермен жол жүру қағидасын бұзған – 34 жүргізуші анықталды.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауды сұрайды. Сондай-ақ, миллионды қала – Шымкентте «Мотокөлік» іс-шарасы 8-сәуірге дейін жалғасады.