«Мүгедектікті сырттай куәландыру » пилоттық жобасының жүзеге асырылып жатқанына биыл екі жыл толады. Жобаға сәйкес, мүгедектікті сырттай анықтау кезінде, пациенттің деректері электрондық түрде бүкіл республика бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтан тыс сарапшыларына жіберіледі. Онда науқастың медициналық деректері негізінде түпкілікті сараптамалық қорытынды көпшілік дауыспен қабылданады.
Бұрын науқастар мүгедектікті растау туралы құжатты алуы үшін ауруханада айлап жатып, емханада тексеріліп, сан түрлі құжат жинап, медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп жататын. Енді мүгедектік науқастың қатысуынсыз, құжаттарды сараптау арқылы сыртынан тағайындалады. Екі жыл алдын қолға алынған жобаның басты мақсаты, қағазбастылықтан арылта отырып, ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Фарида Оспанова, Түркістан облысы бойынша №6 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы: «Мүгедектікті сырттай куәландыру» пилоттық жобасының жүзеге асырылып жатқанына биыл екі жыл. Ауру түрлері бойынша мүгедектік сырттай тағайындалады. 0л онкология, туберкулез, инсульт, жүйке аурулары, қант диабеті балаларда 12 ауру бойынша тағайындалады».
Бұл ауруларға қатысты барлық медициналық құжат электронды формаға түсіп, науқастың электронды амбулаториялық картасы пайда болған кезде тез арада жүзеге асады. Яғни, мүгедектікті тағайындайтын тәуелсіз сарапшылар электронды көрсеткіштерді сараптау арқылы шешім қабылдайды. Бұл құжаттарда науқастың аты-жөні көрсетілмейтіндіктен, сарапшылар тіпті кімге мүгедектік тағайындап отырғандарын да білмейді екен.
Фарида Оспанова, Түркістан облысы бойынша №6 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы: «Сырттай мүгедектік анықталған кезде пациенттің тұлғасыз деректері электрондық түрде бүкіл республика бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтан тыс сарапшыларына жіберіледі, онда пациенттің медициналық деректері негізінде түпкілікті сараптамалық қорытынды көпшілік дауыспен қабылданады. Осылайша, бұл жоба азаматтардың әртүрлі инстанцияларға баруын болдырмайды, қағазбастылықтан арылтады, сонымен қатар барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады. Яғни, барлық басқа процестер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау есебінен дәрігер мен пациенттің қатысуынсыз өтеді».
Егер адам сараптамалық қорытындымен келіспесе, оған тұрақты тұратын жері бойынша аумақтық бөлімшеде шағымданады. Сараптамалық қорытынды МӘС актісінің иесіздендірілген деректері негізінде енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде шығарылады.
Айта кетейік , ағымдағы жылдың басынан Түркістан облысында МӘС қаралған 7 885 істің 1,5 мыңнан астамы сырттай куәландырылған. Ал Шымкентте 4 мыңнан астам істің 852 -і сырттай қаралған.