«Нұрсат»-тағы көпқабатты үйден өрт шықты

7524
Өрт

Шымкентте «Нұрсат» шағынауданындағы көпқабатты үйдің 6-қабатынан өрт шықты. Оның видеосын куәгерлер біздің редакцияға жолдады.

Куәгерлердің сөзінше, алтыншы қабаттағы 1 бөлмелі пәтердің балконын қызыл жалын шарпыған. Абырой болғанда пәтерде үй иелері болмаған. Алдын ала мәлімет бойынша  оқыс оқиға салдарынан адам шығыны жоқ. Тұрғындар өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтағанын алға тартты.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше,  «101» басқару пультіне 25 сәуірде сағат 13:35-те «Нұрсат» шағынауданындағы №50 үйде өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен.

Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер 6-қабаттағы пәтер балконындағы үй заттары, салқындатқыш жанып жатқанын анықтаған. Қызыл жалын 7-қабатта орналасқан пәтердің балконына өтіп, ондағы үй заттары да отқа оранған.

«Оқиға орнына Өрт сөндіру қызметінің 29 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды.  Қызыл жалын 14:05-те оқшауланды, сағат 14.11-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда» делінген ТЖД мәліметінде.