Шымкент қаласында қызылша ауруы өрши түсті. Мамандардың сөзінше, инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған балалар. Аурудың өршуіне байланысты өңірде санитариялық ағарту жұмыстары күшейе түсті. Қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық жағдай турасында толығырақ Лаура Нахыпқызы тарқатады.
Соңғы екі жылда Шымкентте қызылша ауруы тіркелмген. Ал биыл бұл ауру бойынша эпидемиялогиялық жағдай нашарлай түскен. Жыл басынан бері Түркістан облысында 12 жағдай тіркелсе, Шымкентте 6 науқаста инфекция расталған.
Баян Сүннетқызы, Қаратау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы: «Шымкентте 6 жағдай оның барлығы нақтыланған екеуі ересектерде, төртеуі балаларда».
Мамандардың сөзінше, соңғы үш жылда халық арасында қызылша мен қызамыққа қарсы егу азайған. Салдарынан ауру өршіп, адам ағазасында вирусқа қарсы иммуннитет әлсіреуі мүмкін. Сондықтан қазір жауапты мамандар профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, халықты мейлінше вакцина салдыруға шақыруда.
Баян Сүннетқызы, Қаратау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы: «Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Қызылшамен ауырған адамның иммунитеті өмірінің соңына дейін болады және егілмейді. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады».
Қызылшаға қарсы вакцина алғандардың бірі алты жасар Алихан. Анасымен бірге емханаға келген баланы дәрігерлер алдымен толық медициналық тексеруден өткізіп, қарсы көрсетілімдері болмағандықтан, екпе салып берді.
Жансая Қуандықова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Емханадан вакцина алыңызар деп шақырды. Осында келіп вакцина салдырттық. Біз үшін бұл қажет».
Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары.
Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде сілекей арқылы бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі. Аурудан сақтанудың ең қарапайым жолы вакцинация дейді мамандар.