Қайнарбұлақ елдімекені биыл да газға қосылмайды

88

Шымкенттегі Қайнарбұлақ елдімекені биыл көгілдір отынға қосыла ма? 60 мыңнан астам халықтың көкейінде жүрген сауалға брифинг барысында қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы жауап берді. Саяжайда дәл қазір газ құбырлары орнатылып жатыр. Ал жергілікті халық биылғы қысты қалай өткізеді? Бірнеше жылдан бері көмір тұтынып келген жұрт нақты қашан табиғи газға қол жеткізеді?

Жұрт тағы көмір жағуға мәжбүр. Қайнарбұлақ елдімекен тұрғындары биылғы қысты да көгілдір отынсыз өткізбек. Бұған дейін жауаптылар халыққа 2023 жылы елдімекеннің бір бөлігінде табиғи газ қосылады деп үміт сыйлап еді. Өйткені, дәл қазір мұнда газ құбырларын орнату жұмысы жүріп жатыр. Алайда Шымкент қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков тұрғындардың қуанышын су сепкендей басты. Алғашында журналистердің сауалына нақты жауап бермеген басшы сөзінің соңын құрылыс жұмысы 2024 жылы бір-ақ аяқталады деп түйіндеді. Және оған дейін бірде-бір тұрғын көгілдір отын пайдалана алмайды деді.

Мақсат Ердембеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:
«Екі этаптан тұрады. Жалпы бірінші, екінші этапты 2024 жылы қазан-қараша айында аяқтаймыз. Мына 15 үйге, мына 20 үйге биыл қосып бере аламаймыз. Бұл су емес, свет емес. Бұл газ, өте қауіпті. Тек құрылыс толық аяқталғанда да ғана қоса аламыз».

Демек қазірше халық қатты отын алып қыстың қамына кірісе беруіне болады. Ал, есік алдыңыздан үйіңізге газ кіргізіп береміз деген алаяқтарға сеніп, ақша берудің қажеті жоқ.

Бұдан бөлек басқарма басшысы брифинг барысында қала көшелерін жарықтандыру мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, қазір мегаполисте маңызы бар орталық 747 көше бар. Ал оның 472-не жарық берілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайту мақсатында жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылады дейді Мақсат Ердембеков.

Ал ауыз су және сапалы электр жарығымен қамту көрсеткіші биыл 100 пайызға жетеді. Сондай-ақ 2025 жылы көгілдір отынсыз елдімекен болмайды. Осылай деген жауаптылар бүгінде мегаполисте инфрақұрылымды дамыту бағытында қарқынды жұмыс атқарылып жатқанын алға тартты.