Ауылда есектің үстінде ән айтып танылған оқушы Мұхаммедияр Ембай отандық «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасында бақ сынауға келді. 13 жасар оқушы қазақстандық әнші Shіza-ның хит болған Shym (Қап-қара Шымкент) әнін орындап, төрт бірдей тәлімгерді өзіне қаратты.
Мұхаммедияр Ембай Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Алатау ауылында тұрады. «Алатау» жалпы орта мектебінде 7 сыныпта оқиды.
Еске салсақ, осыдан 2 жыл бұрын ауылда есектің үстінде ән салып жүрген Мұхаммедиярдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетіп, әп-сәтте танылған болатын.
Халық оқушы балаға есектің үстінде ән салғаны үшін сүйіспеншілік танытты ма, әлде расымен де дауысына тәнті болды ма? Әнші болуды армандаған Мұхаммедияр Ембай бұл жобаға осы сұрақтың жауабын алу үшін келгенін алға тартты.