Қарақшылық шабуыл жасап, 2 млн. теңге алып кеткен күдікті ұсталды

49

Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде, Келес ауданы тұрғынының үйіне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні анықтады.

Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың наурыз айында Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Ер адамның айтуынша, күндізгі уақытта оның үйіне белгісіз біреу кіріп, әйеліне физикалық күш көрсетіп, қолдары мен аяқтарын байлап тастаған.
Содан кейін күдікті жатын бөлмесінен екі миллион теңге ақшаны ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркеді. Қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында Түркістан облысы ПД Криминалдық полициясының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Шұғыл-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер, күдіктіні анықтап ұстады. Ол бұрын бірнеше рет сотталған Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Күдікті бұл әрекетін толық мойындады. Одан әрі іздестіру барысында жедел уәкілдер күдіктінің серіктесі, Келес ауданының тұрғынын да анықтады.
Қазіргі уақытта қарақшылық шабуыл дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.