Түркістан облысында грейг қызғалдағы гүлдеді. Егіс алқабы қызыл кілемге боялып, жергілікті тұрғындар табиғаттың сұлулығымен суретке түсуге асық. Бірақ бұл қызғалдақтардың «Қызыл кітапқа» енгенін бәрі біле бермейді.
Әлеуметтік желіде жасөспірім қыздардың сирек кездесетін гүлді жұлып жатқан видеосы тарады. Тіпті кейбірінің қолында құны бірнеше миллион теңге тұратын нағыз гүл шоғы барын байқауға болады. Қазір облыстық полиция департаменті аталған азаматтарды іздестіріп жатыр. Айта кетейік, ерекше қорғалатын гүлді жұлғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырлыған.
Түркістан облысында «Қызыл кітапқа» енген «грейг» қызғалдағын жұлғандар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Полицейлер бұл жайтты әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында желі қолданушысының парақшасынан байқаған. Қазір күдіктінің жеке басын анықтау жұмысы жүріп жатыр.
Егер табиғатқа зиян келтіргені анықталса, ол 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 10 млн. теңгеден аса айыппұл арқалауы мүмкін. Сонымен қатар, 3 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі немесе 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы ықтимал.
Талғат Жаппаров, Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының инспекторы: «ҚР «Қызыл кітапқа» енген Грейг қызғалдақтарын жұлу фактісі бойынша Түркістан облысының полицейлері ескертеді: Құрметті тұрғындар мен қонақтар! Грейг қызғалдақтарын қызықтап демалып, суретке түсу үшін келген азаматтар мен қонақтар, аталған өсімдіктің «Қызыл кітапқа» енгендігін, ол үшін ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз».
Қазір нағыз қызыл кілемге боялып, гүлдеген «грейг» қызғалдағының «Қызыл» кітапқа енгенін бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Сондықтан полицейлер мен экологтар мұндай сұлулықпен тек суретке түсуге болатынын ескертеді. Өйткені, гүлді жұлу арқылы, оның жойылуына себеп боласыз дейді.
Эльмира Қуаныш, «Экология, өлкетану және туризм» орталығының экологы:
«1887 жылдардан бері Голландияда осы қызғалдақтардың түрлері өсіріліп келеді. Кезінде қызғалдақтың бір пиязшығы бір арбаның құнымен тең болған. Қазір жойылып кету қаупі болғандықтан, «Қызыл кітапқа» енген. Оны жұлуға болмайды. Егер жұлсаңыз, оның пиязшығы өледі. Ал тұқымдар жаңа шам пайда болғанға дейін бірнеше жыл бойы жерде жатуы мүмкін. Сондықтан, табиғат пен өсімдіктерге ерекше құрметпен қарау керек».
Жалпы, грейг қызғалдағы-сәуір айының басында ашылып, маусымға дейін гүлдейтін бүршігі бар гүл. Мұндай қызғалдақты үйдегі қызғалдақпен шатастыра алмайсыз. Өйткені, оның сабағы жуан, түкті келеді, ал жапырағы жалпақ таспа тәрізді, кейде жиегі иректеліп, үстіңгі бетінде қою күлгін таңбалары болады. Оңтүстіктегі мұндай қызғалдақтардың қызыл, сары және қызғылт сары түстері кең таралған.
Бұл ерекше гүлдер Ресейдегі бау-бақша қоғамының президенті Самуила Алексеевич Грейгтің құрметіне осылай аталған. Жалпы Қазақстанда қызғалдақтың 18 түрі «Қызыл кітапқа» енген. Еліміздің оңтүстігінде Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтары жиі кездеседі. Олар да жойылып бара жатқан өсімдік түрлерінің тізіміне енгізілген.